Теңге – Тәуелсіздіктің бір белгісі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теңге – Тәуелсіздіктің бір белгісі

15.11.2023

Бүгін ұлттық валюта – теңге күні. Тура отыз жыл бұрын, дәл осы күні елімізде теңге айналымға енген. Содан бастап Қазақстанда дербес ақша-несие саясатын жүргізу мүмкіндігі туды. Тұтастай алғанда қаржылық тарих басталды. Теңге – экономикалық тұрғыда тәуілсіздігіміздің бір нышаны. Ал оның ерекшелігі мен бағамы және мән-маңызы жайлы келесі материалда Азамат Бейбітұлы баяндайды.

Теңгенің тарихы 1993 жылдан басталады. Ұлттық валюта купюраларының алғашқысы Ұлыбританияда, монеталар Германияда соғылған. Теңгенің қалыптасуы оңай болған жоқ. Тәуелсіздік жылдары девальвация дүркін-дүркін діңкелетіп, инфляция икемге келмеді. Теңге туған тұста бір доллар құны 4,70 теңге болған.

Айбар Олжай, экономист:

Ол қандай факторлармен белгіленіп отырады? Мысалы, біздің сыртқы төлем балансымыз бар. Сол плюста ма, минус та ма, профицит па, дефицит па, соған тарайды. Негізі бізге түсімді қамтамасыз ететін ол – мұнай бағасы.

Хош, бастапқыда 1 теңгеден 100 теңгеге дейінгі банкноттар шықты. Онда қазақтың тау тұлғаларының портреттері белгіленген. 1000 теңге 1995 жылдан, 2000 теңге 1996 жылы басылып, 5000 теңгелік банкнот 1998 жылдан бері айналымда жүр. 2015 жылы ұлттық валютаның 20 жылдығына орай 20 000 теңгелік банкнот айналымға шығарылды. Монеталар да жаңырып отырды. Биылғы мерейтойға орай коллекиялық үлгі жарық көрді.

Нұрболат Туысбайұлы, ҚР Ұлттық банкі баспасөз қызметінің бас маманы:

Биыл мерейлі датаның құрметіне Ұлттық банк теңгеге 30 жыл коллекциялық монеталарын шығарып отыр. Бұл монтеларды екі түрде көре аламыз. Бірі 500 теңгелік екіншісі мың теңгелік монеталар.

2015 жылдан бастап Қазақстанда инфляциялық таргеттеу режимі жұмыс істейді. Яғни, ұлттық банк нарықтық бағамға араласпай, еркін айналым жүреді. Дегенмен, ұлттық банк үкіметпен бірлесе инфлияцияны азайтып, девальвацияны болдырмау үшін және теңгенің тұғырын биіктету үшін жүйелі жұмыс атқарып келеді.

Бауыржан Исабеков, экономист:

Біз мынау посткеңестік елдерде, Құдайға шүкір, біздің валюта жоғары деңгейде демесек те, белгілі бір нәтижелерін беріп келе жатыр. Мысалы, Қырғыздың сомы, Өзбектің сумы, Ресей, Украина, беларусь қарағанда біздің валютаның салмағы жоғары.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Әлемде қаншама валюта бар. Бірінің сәні тәуір, басқасының салмағы ауыр. Қолданыс аясы да сан алуан. Мынадай валюта айырбастау пунктінде теңгенің бағамы мың құбылып, құнсыздана беруі мүмкін. Бірақ таразы басы қалай теңселсе де, қазақ үшін теңге – теңдессіз һәм құнды. Өйткені теңге – Тәуелсіздіктің бір белгісі.

Хабарламаларға жазылу