Қарағандылық нумизмат 7000-нан астам монета мен банкнот жинаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандылық нумизмат 7000-нан астам монета мен банкнот жинаған

15.11.2023

Қарағанды облысының Саран қаласында ерекше коллекция иесі тұрады. Нумизмат Серік Мұстафиннің отандық және әлем елдерінің валютасына қатысты жәдігерлерді жинап жүргеніне 40 жылға жуықтаған. Оның қорында 7 мыңнан астам монеталар мен банкноттар бар. Ұлттық валюта күні төл теңгеміздің 30 жылдығында ерекше тұлғаның шаңырағында тілшіміз Руслан Нұрланұлы болып қайтты.

Серік Мұстафин 1978 жылдан бастап түрлі төс белгілерді жинаумен айналысқан. Кейін бұл құштарлығы отандық және әлем елдерінің валютасына қатысты банкноттар мен монеталарды жинауға ұласқан. Бұл ізденіске түрткі болған жайттың өзі қызық.

Серік Мұстафин, нумизмат:

Нан алғам дүкеннен. Қайтарма ақшама 20 тиын берді. Қарасам, Болгарияның стотинка деген тиыны болып шықты. Содан бастап тиын жинадым.

Қазір коллекционердің жеке қорында елімізге және өзге мемлекеттерге қатысты 7 мыңнан астам жәдігер бар. Отандық монеталардың өзі «Тәуелсіздік жылдарындағы тарихи сәттер», «Ұлы тұлғалар», «Қазақстанның қалалары», «Салт-дәстүр», «Жануарлар мен өсімдіктер әлемі» сынды бірнеше сериямен топтастырылған. Мұның әрқайсысы өте ыстық дүниелер. Ал осыдан 30 жыл бұрын тұңғыш рет теңге шыққан сәтте алған әсер, тіпті ерекше,-дейді ол.

Серік Мұстафин, нумизмат:

Суреті, дизайны да керемет еді. Дара адамдардың, дана адамдарымыздың суреті біздің ұлттық валютамыздың бетінде қалыптасқанына қатты қуандық, риза болдық.

Серік Мұстафиннің жеке қорындағы тағы бір аса құнды дүние шамамен 18-і ғасырға тиесілі түрік сұлтандарының тиыны. Коллекционер ұзақ жылдар бойы жинаған осындай құнды дүниелерін үнемі көрмелерге шығарып тұрады.

Ерасыл Садықбек, қала тұрғыны:

Бұл ұлттық валюта дегеніміз ұлттың тарихы десек болады. Қазіргі, міне, өзіміздің Қазақстанда шығарылған тиындарымыз бар.

Коллекционер қолындағы отандық монеталар жайлы арнайы нұсқамалық кітапшалар шығарған. Онда тиындардың қандай металдан жасалғаны және қысқаша тарихы жазылған.


Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу