Төл валютаның бағамын қалай тұрақты етеміз? Ғалым Байназаровпен сұхбат - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Төл валютаның бағамын қалай тұрақты етеміз? Ғалым Байназаровпен сұхбат

15.11.2023

Төл теңге – экономикалық тәуелсіздігіміздің тірегі. Осы ретте ұлттық валютаны алғаш айналымға енгізуге үлкен үлес қосқан Ұлттық банк тарихындағы бірінші төраға Ғалым Байназаровты сұхбатқа шақырып отырмыз.

– Ғалым мырза, бір сұхбатыңызда нөлден басталған жұмыстың бәрі қиын болады дедіңіз. Сол кезде қорқыныш болды ма? Және арада 30 жыл өткенде сіз қазір теңгеге қарап не ойлайсыз, қандай сезім болады?

Ғалым Байназаров, Ұлттық банктің алғашқы төрағасы, экономист:

Әрине, бір жұмысты нөлден, тыңнан бастау оңай шаруа емес. Сол бастаушылардың өзін тарихқа қарап үңілсең, кейінгі тағдырларда тіпті әртүрлі болған. Біздің тарихта тұңғыш рет шығатын банкнотымыз еліміздің, жұртымыздың ерекшеліктерімен безендірілген біздің халқымыздың, қазақтың иісі шығып тұратын құрал болуы керек болды. Міне, осыған біз біршама еңбек сіңірдік. Бәріңіз білесіздер, 15 қараша күні, 1993 жылы біздің төл теңгеміз айналымға енді. Сол кезде біздің халқымыз үлкен қуанышпен теңгені қарсы алды. Өйткені, теңгеде біздің тарихи тұлғаларымыз бейнеленді. Халық кішкене ұмыта бастаған біздің ұланғайыр тарихымызды алтын әріппен есімдері жазылған сол тұлғалармен халқымыз қайтадан қауышты. 
– Қазір девальвация, инфляция теңгенің таразысын теңселтіп тұрған заман. Қаржыгер ретінде төл валютаның бағамы тұрақты, қолданыс аясы кең болу үшін не істеу керек деп есептейсіз?

Ғалым Байназаров, Ұлттық банктің алғашқы төрағасы, экономист:

Өте орынды мәселе. Өйткені теңгемен біздің халықтың тағдыры да байланысты деп айтып кеттім. Біз теңгеге әсер ететін сыртқы фактордың үстемдігін азайтуымыз керек. Ішкі факторларымыз керісінше теңгенің бағамына көмектесетін фактор болуы керек. Ол үшін біз ішкі нарыққа тауар ұсынатын өндірісті әлдендіріп, күшейтіп, оларға дұрыс көңіл бөліп, соларға көбірек қаражат ұсынып әлдендіруіміз керек. Сонда біздің теңгеміз сыртқы факторларға тәуелділіктен бірте-бірте кете бастайды. Нарықтық экономикада ешқандай ұсыныс пен сұраныстың арасында теңдік болмайды. Неше түрлі кризистер, дағдарыстар кездесіп тұрады. Бірақ біз сол дағдарыс пен кедергілерді жеңе алатындай қуатқа ие болуымыз керек. Ол үшін бірінші ұлттық валютамыз қуатты болуы керек.

Хабарламаларға жазылу