Түмен облысында қазақтар ұлттық өнерді ұлықтап жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түмен облысында қазақтар ұлттық өнерді ұлықтап жүр

16.11.2023

Қиырдағы қазақтар ұлттық өнерді ұлықтап жүр. Мәселен, Түмен облысындағы қандастарымыз домбыра сыныбын жандандырды. Себебі ұлтттық өнерге жастардың тарапынан қызығушылық артқан.

«Домбыраны дүйім жұртқа танытқымыз келеді»,-дейді жас өнерпаздар. Арман Садуев ұлттық аспапта ойнауды атасынан үйреніпті, енді арнайы домбыра сыныбына барып жүр.

Арман Садуев, оқушы:

Мен қазақ халқын барлық әлемге танытқым келеді. Өз ата-бабамды мақтан етемін. Сондықтан болашақта біздің ұлттық аспабымыз домбыраны жаһан жұрты білсе екен деймін. Өзім барлық күшімді саламын.

Домбыра ұлттың үні мен жаны ғана емес, мыңдаған жылдар бойы халқымызбен бірге жасап келе жатқан қастерлі қасиеті. Шетелдегі қазақтар алдағы уақытта домбыра сыныбын тек өңір орталығында емес, шалғай аудандарда да ашсақ деп отыр.

Асқар Калиев, облыс тұрғыны:

Түмен облысында 40 мыңға жуық қазақ халқы өмір сүріп жатыр. Бәріміздің мақсатымыз бір-қазақ салтын, дәстүрін дәріптеу. Қазіргі таңда автономияның арқасында балаларымызды домбыраға, қазақ тіліне үйретіп жатырмыз.

Жас өнерпаздан қазірдің өзінде аудандық, қалалық деңгейдегі шараларға, жарыстарға қатысып жүлде алып жүр. Өйткені бағзы бабаларымыздан қалған байлығымыз домбыраға тек қандастар емес, өзге ұлттардың да тарапынан қызығушылық арта түскен.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу