Қазақстан халық санының өсуі болжамнан асып түсті. Халықаралық және отандық сарапшылардың айтқан болжамы бойынша, мұндай көрсеткішке 2024 жылы жетуіміз керек еді. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин телеграмм парақшасында жазды. Сондай-ақ, ол Қазақстан халқы санының өсуіне қатысты жасалған бірқатар болжамдарға тоқтала кетті.
«БҰҰ-ның 2017 жылғы құжатында Қазақстанның халық саны 2030 жылы 20 млн 301 мың адамға жетеді деп болжанған. Кейін 2019 жылы БҰҰ 2030 жылы халық саны 20 млн 639 мың адам болуы мүмкін деп көрсетті. Тіпті, соңғы жасалған болжамдар бойынша, 2022 жылы Еңбек ресурстарын дамыту орталығы ең жақсы нәтиже көрсеткеннің өзінде Қазақстан халқының саны 2024 жылы 20 млн 312 мың адамға, ал нашар көрсеткіш болса 2025 жылы 20 млн 83 мың адамға жетеді деп келтірілген. Дегенмен туу деңгейі өсіп, өмір сүру ұзақтығы артып, өлім-жітімнің азайғанның арқасында Қазақстан халық санының өсуі жағынан ең оптимистік болжамның өзінен асып түсті», - деп жазды Мемлекеттік кеңесші телеграм парақшасында.