Америкалық «Pfizer» компаниясы Қазақстан нарығына кіреді. Кәсіпорын елімізде пневмонияға қарсы вакцина өндіретін болады. Астанада өткен жаһандық инвестициялар форумында ірі фармацевтикалық компания Қазақстанмен келісімшартқа қол қойды. Бұдан бөлек, швейцариялық «Roche» компаниясы Қазақстанда сүт безі қатерлі ісігіне қарсы 3 препарат шығарады. Елімізде бұл қауіпті дерт жыл сайын 5 мыңнан астам әйелден анықталады. Мыңнан астам науқас қайтыс болады.
Сенел Тойлан, «Roche» фармацевтикалық компаниясының Орта Азиядағы басшысы:
Бұл келісім медицина саласындағы жетістік қана емес. Бұл ұзақжылдық проблеманы шешеді. Себебі, сүт безі қатерлі ісігі 2004 жылдан бері дүниежүзінде белең алған қауіпті дерттің бірі.
Астанада өткен форумға халықаралық компания басшыларынан бөлек, отандық бизнес өкілдері мен ірі инвесторлар жиналды. Ұлыбритания, Вьетнам, Германия, Канада, Қытай, Түркия секілді бірқатар мемлекеттерден мыңнан аса сарапшы бас қосты. Оның аясында құны 1,6 млрд доллар болатын 26 құжатқа қол қойылды. Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың сөзінше, Орталық Азиядағы шетелдік инвестициялардың 70 пайызы Қазақстанға тиесілі. Былтыр салаға құйылған қаржы көлемі 18 пайызға өсіп, 28 млрд долларға жеткен. Биыл жарты айда инвесторлар 14 млрд долларын салды. Үкімет басшысы «Қазақстан 2029 жылға қарай экономикаға 150 млрд доллар көлемінде инвестиция тартуға мүдделі екенін жеткізді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Жобаларды сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары әзірленуде. Күрделі мұнай-газ жобаларына инвестицияларды тарту мақсатында биылдан бастап қаржылай ынталандыру механизмі енгізілді. Құны $50 млн-нан асатын инвестициялық жобалар үшін 25 жыл ішінде Қазақстан заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беретін Инвестициялар туралы келісім бекіту мүмкіндігі бар.
Айя Мүтәлі