Жыл сайын еліміздің әр өңірінде туылған шала шақалақтың 400-і түрлі диагнозбен Алматыдағы Педиатрия орталығына жеткізіледі. Нәрестелердің 80 пайызының салмағы 700 грамм мен 2,5 келі арасында болады екен. Мәселен, 28 аптасында небәрі 1 келі 200 грамм болып дүние келген Адия есімді бөбек екі айдың ішінде 1 келіден астам салмақ қосқан. Баланың ерте тууына жолдасының үзіліп кеткені себеп болған.
Сарбиноз Азизуллақызы, шақалақтың анасы:
Басындағы екі аптасында негізі адам болады деп ойлаған жоқпын. Кіруге қорқып жүрдім, қасына бара алмай жүрдім. Қып-қызыл кіп-кішкентай ет сияқты болып көрінді көзіме. Қазіргі деңгейде барлық жері жақсы, тек өкпесі дұрыс дамымай жатыр. Сол үшін ғана жатырмыз. Ендігі апталарда шығамыз деген ойымыз бар, Алла нәсіп етсе.
Дәрігерлер былтыр осындай түрлі патологиямен дүниеге келген 300-ден аса сәбиді ажал аузынан аман алып қалса, биыл 350-ге жуық шақалақты күтіп, баптап үйлеріне жіберген. Бүгінде дене салмағы 1 келілік нәрсетелердің өмір сүру деңгейі айтарлықтай өскен. Жалпы, шала шақалақтың 99,5 пайызы жақсы жетіледі. Олардың көбінде өкпе қабынуы, церебралды депрессия, ішек аурулары анықталып жатады. Сондай-ақ, көру қабілетінің біржола жоғалуына әкеп соқтыруы мүмкін - ретинопатия диагнозы қойылады. Тіпті, жүректе ісік болуы мүмкін.
Алмас Бердібеков, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі:
Біздің кардиохирургияда орта есеппен 160-170 ашық операция жасалады, яғни, жүрек тоқтатылуымен және 100-ге жуық эндоваскулярная операция жасалады жүрекке. Баланың салмағы неғұрлым кішкентай болса, сәтті шығу пайызы төмен болады. Сол себепті бізде баланың саламағын қосып операцияға алғанды ыңғайлы көреміз.
Әйгерім Ердаулет