Елімізде 6 млн-нан аса отбасының мәліметі цифрлық картада жинақталған. Олар мемлекеттен берілетін 10 әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде рәсімдеу мүмкіндігіне ие. Яғни, өтініш жазбайды. Оларға 1414 бірыңғай байланыс номерінен хабарлама келеді. Оны растағаннан кейін, әлеуметтік көмек рәсімделіп, қаражат қызмет алушының банктік шотына түседі.
Отбасының цифрлық картасы арқылы рәсімделетін 10 қызмет түрі экранда көрсетілген. Яғни, еңбекке қабілеттілігін жоғалтқанда, жұмысынан, асыраушысынан айырылған кезде, сондай-ақ жерлеуге берілетін бір реттік төлем де осы қызмет түрінде бар. Сонымен қатар, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелеріне тағайындалатын жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек те тізім қатарында тұр.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Өздерінің тапсырған құжаттары, өздерінің бүгінгі таңдағы егов-тағы айналымдағы құжаттарына сәйкес, оның барлығын автоматтандырылған жүйе айқындап, өзі қарастырып отырады. Бүкіл құжатын рәсімдеуге ешкімнің уақыт кетіріп, табалдырық тоздырып, бостан босқа жүрмес үшін, адамға ыңғайлы болу үшін осындай дүние жасалып отыр. Бұл осы отбасының цифрлық картасының аясындағы жүзеге асырылып жатқан шаралар.
Отбасының цифрлық картасы Президенттің сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асты. Дәл осы цифрлық жүйеде зейнетақы төлемдерiн алу мүмкiндiгi, «қандас» мәртебесi мерзiмiнің аяқталуы және жұмыссыз тұлғаларды жұмыспен қамту шаралары да, автоматты хабарламалар арқылы жасалады.
Самал Қабышева