М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан жоғары оқу орнына зерттеу университеті мәртебесі берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан жоғары оқу орнына зерттеу университеті мәртебесі берілді

20.11.2023

Құрылғанына биыл 80 жыл толған Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан жоғары оқу орнына зерттеу университеті мәртебесі берілді. Енді білім ордасының ғылым әлеуеті еліміздің өндірісі мен экономикасын ілгерілетуге жұмсалады.

Университет ғалымдары соңғы төрт жылда химиялық технология, құрылыс, фуд-инжиниринг, био және нанотехнология саласына соны инновациялық жобалар енгізді. Баламалы энергия, су үнемдеу және қаланың дамуына қатысты ғылыми жаңалықтар ашты. Соның нәтижесінде университет Азиядағы үздік 150 университеттің қатарына кіріп, әлемдік рейтингтегі көшбасшылар қатарына қосылды.

Дария Қожамжарова, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің ректоры:

Қазіргі таңда біздің Қазақстан Республикасының ғылымына қосқан үлесіміз 5 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде бірнеше халықаралық жобалар бар. Жалпы саны 300-ден аса жобамыз бар.

Ғылым мен техникасы дамыған дәуірдің көшіне ілескен іргелі оқу ордасында қазір 28 мыңға жуық студент білім алуда. Болашақ мамандарға 2 мыңға тарта оқытушы-профессор дәріс береді. Жаңа мәртебеге сай енді зерттеу орталықтары жаңартылып, «Болашақ» бағдарламасымен білім алған білікті мамандар жұмысқа шақыртылады.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Президент тапсырмасымен шетелдік дамыған ең мықты университеттердің филиалдары ашылып жатыр. Биыл 4-еуі ашылды. Өткен жылы 4-еуі ашылды. Қазір біз университетімізге мықты серіктестік іздеудеміз.

80 жыл ішінде университеттен екі жүз қырық мың маман білім алып шықты. Олар бүгінде әлемнің 25 елінде жұмыс істеп жатыр. Мерейтойға арнайы қатысқан қала әкімі Үкімет басшысының құттықтауын жеткізіп, қонақтармен бірге Мұхтар Әуезовтың ескерткішіне гүл қойды.


Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу