Елімізде сұйық май бағасы қымбаттай ма? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде сұйық май бағасы қымбаттай ма?

21.11.2023

Биыл еліміз Қытайға 170 мың тонна май өнімдерін экспорттайды. Бұл былтырмен салыстырғанда 40 пайызға көп. Ал май зауыттарына шикізат жетпей жатқаны белгілі. Осы жылы қуаңшылық салдарынан күнбағыс көлемі де өткен жылдан қарағанда 17 пайызға аз жиналып, 850 мың тоннадан аспай отыр. Экспорттың артуы ішкі нарықта өнім бағасын қымбаттатып жібермей ме? Кәсіпорын өкілдері неге баға шарықтап кетеді деп алаңдаулы?

Қытайдың Қазақстан өніміне қызығатын бірінші себебі - өнімнің таза табиғи болуында. Одан кейін логистикалық кедергілер жоқ, тауар небәрі екі аптада жетеді. Баға да ақылға қонымды. Тұшытылмаған май тоннасына 800 доллардан басталады. Сала мамандары, экспорт көлемі артқанымен, ішкі нарықта баға тұрақты болады,- деп сендіріп отыр.

Ядыкар Ибрагимов, Майлы дақылдарды қайта өңдеушілер ұлттық қауымдастығының төрағасы:

Біздің кәсіпорындар алдымен ішкі нарықты қамтамасыз етуге мүдделі. Сондықтан, майдың бағасы тұрақты болады. Иә, шикізат жеткіліксіз. Біз жылына Ресейден 180 мың тонна күнбағыс тұқымын алатынбыз, енді 200 мыңнан тоннадан астам шикізат импорттауымыз мүмкін. Ал бұл бізге тиімді. Өйткені, Ресейден әкелгеніміз үшін кедендік баж салығын төлемейміз. Ал бізден экспортқа тауар қымбатырақ кетеді.

Кәсіпкерлердің таурады тек экспортқа жіберіп пайда табуға тәуекел етпейтін себебі, кедендегі ахуалдар. Мәселен оған коронавирус пандемиясы дәлел. Өнімнің шекарада ұзақ тұруына Қытай тарапының аяқ асты қабылдаған шешімдері де әсер етеді дейді, - зауыт өкілдері. Ал сұйық май бағасының құбылуы тікелей шаруаларға байланысты екенін айтып отыр.

Наталья Солохина, зауыт директорының орынбасары:

Біз майдың бағасын ұстап, импортты жартылай нарықтан ығыстырып отырмыз. Өйткені, Үкімет ақпанда күнбағыс тұқымын экспорттаушыларға 20 пайыз көлемінде баж салығын енгізіп еді. Шикізаттың өзімізде қалуы үшін бұл шешім өзгеріссіз қалады деп үміттенеміз. Егер, шикізатты сыртқа шығаруға қолайлы мүмкіндік берілсе, көрші елдер-ақ тұқымды өзімізден алып, дайын тауарды қайта өзімізге қымбатқа сатады.

Дегенмен, күнбағыс өсіретін кейбір шағын шаруалар бұл салық түрін алып тастауды сұрайды. Өйткені, шемімкенің бағасы негізгі құнынан да түсіп кеткен, - дейді. Биыл тоннасын 170 мың теңгеден сатамыз деп жоспарлаған олар, қазір 130 мыңнан беруге мәжбүр. Өйткені, Ресейден де келетін шикізаттың бағасы дәл осындай.

Жандос Ерболатұлы, кәсіпкер:

Осындай кішкентай шаруа қожалықтар бір жыл жұмыс істейтін шығар, екінші жылы мүлдем банкротқа ұшырайды деп ойлаймын. Менің ойымша Ресейден келіп жатқан көліктерге шектеу жасаса жауып тастаса ол осы біздің шаруа қожалықтарға өте үлкен көмек болушы еді.

Ал жауапты министрлік өнімді тасымалдауға шектеу қоймаймыз, бірақ кедендік салық болмаса ішкі нарықта өнім азайып, сұйық майдың бағасы аспандап кететін еді дейді. Ал қазір май шығарып отырған 50-ге жуық зауыт алдымен, өзімізде жиналған 850 мың тонна шикізатты алып отыр.

Шаймерден Ахметов, ҚР АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары:

Тапшы болушы еді біріншіден. Екіншіден, бағасы ұшып кетуі үшін. Экспорттық кедендік баж деген экспортты шектемейді, бірақ кедендік баж есебінен біздің өндірушілерге күнбағысты ішкі нарықта тапсырған тиімді болады. Осылай, сұйық май өндірісі бір жылда 40 пайызға артқан.

Еліміз бойынша күнбағыс майы бір жылда 16,2 пайызға арзандаған. Қазіргі орташа баға литіріне 750 теңге. Ең қымбаты Жезқазғанда болса, арзаны Шымкентте екен. Ал Алматыда 1 литр майдың құны 742 теңге.


Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу