Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында білім саласына аса назар аударылған болатын. Қазір бұл бағдарламаның жемісін ақмолалықтар да көріп отыр. Мәселен, биыл өңірде 16 балабақша ашылып, екіден алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту көрсеткіші 92 пайызға жеткен. Оған қоса, аймақта үш ауысымды мектеп мәселесі де толығымен шешілген. Алдағы үш жылда «Жайлы мектеп» жобасы аясында, 22 мың 600 оқушыға арналған 18 білім ордасы салынбақ. Сондай-ақ, биыл шалғай жатқан ауылдардағы мектептерде работотехника саласына бағытталған 16 кабинет ашылды.
Рустам Күлниязов, облыстық Білім басқармасының жанындағы Аймақтық білім берудегі жаңа технологиялар орталығы директорының орынбасары:
Кабинеттер робототехникалық конструкторлармен, жабдықтармен, жиһаздармен қамтамасыз етіліп жатыр. Ауылдық жерлердегі мектептерде информатика пәнінің мұғалімдеріне қосымша сағат беріліп, 80 сағаттық курстан өтіп, жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Ұмсындық Наурызбаева