Мәжілісте тұрғын үйге қатысты заң жобасы қаралып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжілісте тұрғын үйге қатысты заң жобасы қаралып жатыр

22.11.2023

Баспана беру тәртібі өзгереді. Енді кезекте тұрғандарға үй есепке тұрған күні мен табыс деңгейіне қарай беріледі. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді. Бүгін Мәжілісте «Тұрғын үй саясатын реформалау» туралы заң жобасы талқыланып жатыр. Жоба аясында «Отбасы банкі» ұлттық даму институты болып қайта құрылмақ. Оған азаматтарды есепке қою мен тұрғын үй бөлу жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың функциялары беріледі. Осыған байланысты «Отбасы банкін» екінші деңгейлі банктер жүйесінен шығару ескерілген.

Сондай-ақ Отбасы банкі базасында Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады, оған қандай да бір санатқа жататындығына қарамастан, тұрғын үйге мұқтаж барлық азаматтар тұра алады. Әрбір өтінім үшін кірістерді, мүлік пен активтерді анықтайтын отбасының цифрлық портреті жасалады. «Бұл өз кезегінде азаматтың отбасылық жағдайының барлық сипаттамаларын анықтауға мүмкіндік береді»,- деді министр

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

Негізгі талаптардың бірі олардың меншігінде баспана болмауы керек. Бүгінгі таңда қолданыстағы заңнамаға сәйкес кезекке тұру үшін соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үйі болмауы қажет. Мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тәсілдеріне байланысты, кезекке жаңадан тұратын азаматтар үшін осы мерзімді 10 жылға дейін ұзарту көзделген.

Әсима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу