Елімізде қызылша індеті өршіп тұр. Қостанайда жұмыс сапарымен жүрген денсаулық сақтау министрі әсіресе Шымкент қаласы мен Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында жағдай күрделі деді. Дертке шалдыққандардың басым бөлігі 14 жасқа дейінгі балалар. Мамандар «олардың 90 пайыздан астамы вакцина алмағанын айтады. Ажар Ғинияттың айтуынша індеттің алдын алудың жалғыз жолы - екпе салдыру. Еліміздің бас дәрігері көпшілікке үлгі көрсету үшін өз немересіне де вакцина салдырғанын айтты. Министр ауруханаларда орын тапшы деген ақпаратты жоққа шығарды.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Елорда ауруханаларында орын жоқ деген сыбыс шындыққа жанаспайды. Кеше ғана өзім барлық өңірлердегі санитарлық дәрігерлермен, денсаулық сақтау басқармасының басшыларымен штаб жиналысын өткіздім. Жағдайды толық бақылауда ұстап отырмыз.
Денсаулық сақтау министрі Қостанай өңірінің тұрғындарымен жүздесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Медициналық қызмет сапасын көтеру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады. Әсіресе ауылдардағы жағдайды жақсарту басты назарда. Биыл Қостанай облысындағы 25 елді-мекенде жаңа медицина ғимараттары салынады.
Дәуренбек Әбдібек