Өзбекстандағы барлық энергетикалық жүйелер тәулік бойы жұмыс режиміне көшпек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстандағы барлық энергетикалық жүйелер тәулік бойы жұмыс режиміне көшпек

24.11.2023

Өзбекстандағы барлық энергетикалық жүйелер тәулік бойы жұмыс режиміне көшпек. Жыл басынан бері елде жылу мен жарық беру нысандарын жаңғыртуға 15 трлн сумға тарта қаражат жұмсалған. Жақын күндері қуаттылығы 1, 7 мың мегаваттты құрайтын 8 бірдей күн және жел электр стансалары іске қосылады. 

Күн райы жаймашуақ келетін Өзбекстанның таулы аймақтарына алғашқы қар жауды. Ауа температурасы түнде кей жерлерде нөлден төмен түскен. Биылғы күз жайлылығымен тұрғындарға қарасып келді. Ал күн күрт суытса жағдай не болады деген сауал елді алаңдатып отыр.

Умида Рахмонова, Өзбекстан Республикасы Олий мәжілісінің депутаты:

Біз қыс маусымына қаншалықты дайынбыз? Жыл басында біршама қиындықтар туындады, әсіресе көпқабатты үй тұрғындары суықтан әбіржіді, жылу жетіспеді, осындай олқылықты болдырмау үшін қандай шаралар қабылданды?

Депутаттың бұлай сұрауы тегін емес. Биылғы қаңтарда қатты аяздан елде энергетикалық дағдарыс туындаған. Өндіріс ошақтарына электр қуаты мен газ жетіспей, зауыт-фабрикаларда өнім кеміді. Қалың қар уақытылы тазаланбай, қозғалыс қиындаса, үйлерде жарық пен газ өшіп жұртты әбіргерге салды. Салаға жауапты шенділер бұл жағдайдан сабақ алдық дейді.

Журабек Мирзамахмудов, Өзбекстан Республикасының энергетика министрі:

Табиғи газдың қысымы төмендеп кеткендіктен жұрт электр құрылғыларын қосты, қуат тарату желілері шамадан тыс жүктемені көтере алмай апат болды. Биыл қажетті қор артығымен жиналып, жер асты газ қоймаларынан отын алу көлемі 18 млн емес, 40 млн текше метрге ұлғайтылды. 340 мың тонна мазут қоры бар.

Өзбекстан президенті электр энергиясын өндіруді 50 пайызға арттыруды тапсырды. 18 күн электр станциясының құрылысы жүріп жатыр. Оның 8-і жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Өнім қуаттылығы 1, 7 мың мегаватт. Соңғы үш жылда елдегі энергетика саласын дамытуға 8 млрд доллар инвестиция тартылған

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу