Шығыс Қазақстан облысының ет пен сүт және көкөніспен өз-өзін қамтуға толық мүмкіндігі бар. Үкімет белгілеген негізгі 29 түрлі азық-түлік тауардың 14 түрі өңірде өндіріледі. Ауыл шаруашылығы саласында өнімді көбейтіп импортты азайту мақсатында аймақта бірнеше жыл бұрын басталған жобалар өз нәтижесін бере бастады. Солардың бірі Өскемен қаласында салынып жатқан «Алтай» көтерме-тарату орталығы. Кешен қолданысқа берілген соң аймақтағы тауар өндірушілер өнімдерін экспортқа шығаруға да мүмкіндік молаяды.
Көкөністің көп түрін сақтайтын бұл кешенде жалпы сыйымдылығы 18 мың тонна болатын 2 қойма бар. Биыл картоп, қызылша және сарымсақ жиналып жатыр. Заманауи үлгіде салынған орталықтың ерекшелігі кез келген тауарды қажетті темпратурада ұзақ уақыт сақтауға болады.
Рашид Атауллин, «Алтай» ЖШС бас технологы:
Әзірше бізде қоймаларда құрылғыларды біртіндеп іске қосып, дайын болғанына өнімді қабылдап жатырмыз. Әрбір көкөністі сақтаудың өз нормасы бар. Мәселен мына қоймадағы сарымсақ 6 градус жылылықта және ылғалдығы 55-60 пайыздан кем болмау керек. Басқа көкөністер де жеке сақталады.
Аумағы 50 мың шаршы метр болатын сақтау, сату және тарату кешенінің биыл алғашқы кезеңі аяқталды. Енді екінші кезеңнің құрылысы салынып жатыр.
Азамат Қалиев, «Алтай» ЖШС директоры:
Екінші кезеңі комерциялық ғимарат болады. 20 мың шаршы метр. Ішінде жәрмеңке, балық өнімдері, ет өнімдері сатылады.
Сауда кешенінің құрылысы толық аяқталған соң отандық тауар өндірушілердің тауары осы орталық арқылы экспортқа шығарылмақ. Ең негізгі мақсат шаруалардың өнімін делдалсыз тұтынушыға жеткізу. Ал тұрақтандыру қорына жиналған өнім де азық-түлік бағасын басып ұстауға септігін тигізеді.
Диляра Жылқайдарова, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
2023-2024 жылғы маусымаралық кезеңге 3,9 миллиардқа 16 тоннадан астам жеміс көкөніс және де бакалея өнімдері сатып алынды. Бүгінгі күнге облысымыздың қала және аудандарында 457 рет ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізілді.
Аудан-қала әкімдері жергілікті тауар өндірушілермен бағаны тұрақты ұстау бойынша алпысқа жуық меморандумға қол қойды. Соған сәйкес әр жәрмеңкеде кәсіпкерлерге сауда сөресі тегін ұсыналады.
Олжас Керейхан