Ақмола облысында банкроттық рәсімдеуге 2 мыңнан астам арыз түскен. Ал тұтас ел бойынша 7 мыңнан астам азаматтың қарызы кешірілді. Олардың қаржы ұйымдары алдындағы жалпы берешегі 11 миллиард теңгеден асады.
Ұмсындық Наурызбаева, тілші:
Ақмола облысында 188 азамат банкрот деп танылған. Олардың қаржы ұйымдары алдындағы жалпы берешегі 400 миллион теңгеге жуықтайды. Сарапшылар несие алатындардың саны да күн сайын артып жатқандығын айтады. Жалпы аймақта 32 мыңнан астам азаматтың банкке берешегі бар.
Жеке тұлға өзін банкрот деп жариялауға өтінішті онлайн немесе халыққа қызмет көрсету орталығына барып тапсыра алады. Кейін оның үш жылға дейінгі табысы, қаржылық операциялары, атына тіркелген мүліктері толық зерттеледі. Өтініші қабылданса, тағы үш жыл қадағалауда болады. Мұндай арыз он бес күн ішінде қаралады. Ал банкроттық жариялаудың үш түрі бар.
Қабаш Уәжанов, Ақмола облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы:
Біріншісі, банкроттықты соттан тыс рәсімдеу. Бұған 5 миллион 500 мың теңгеге дейін қарызы бар және оны 1 жыл бойы төлей алмай жүргендер жүгіне алады. Мұндай азаматтардың тұрақты табысы және дүние-мүлкі болмауы шарт. Ал берешегі 5 миллион 500 мыңнан асатындар өзін банкрот деп жариялау үшін сотқа баруы тиіс. Үшінші рәсім несиені оңтайландыру. Яғни, бұл жағдайда адам банкрот деп танылмайды. Сот арқылы берешегін 5 жылға созып, бөліп төлей алады.
Ұмсындық Наурызбаева, тілші:
Жеке тұлғалардың банкроттығы жайлы заң әлемнің дамыған елдерінде де бар. Экономистер олармен тәжірибе алмаса білу керек екендігін айтады. Әсіресе, инфляция көлемін төмендетуге аса назар аударған жөн дейді.
Талғат Демесінов, экономист:
Швейцария, Германия, АҚШ. Мұндай мемлекеттерде жеке тұлғалардың банкроттық туралы заңы бұрыннан бар. Олардың кредиттік ставкаларының, мөлшерлемелерінің мөлшері өте төмен екендігін білесіздер. Өйткені, инфляция деңгейі төмен.
Ұмсындық Наурызбаева, тілші:
Тығырықтан шығудың басты жолы – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру. Сонда мәселе шешіліп, азаматтардың төлем қабілеті мен инфляцияны тежеу мүмкіндігі артпақ.
Ұмсындық Наурызбаева