Шығыс Қазақстан облысында «Салбурын-2023» халықаралық бүркітшілер фестивалі өтті. Оған бес мемлекет пен еліміздің барлық облысынан келген құсбегілер және тазы жүгіртіп жүрген өнер иелері қатысты. Аңшылар биылғы жарысқа 75 бүркіт, 20 ителгі мен 15 сұңқар және 100-ден аса тазы әкеліп, бабын байқады.
Құсбегілер фестивалі биыл халықаралық дәрежеге көтерілді. Сондықтан тек бүркітшілер ғана емес, ителгі мен сұңқар салғандар және тазы ұстап жүргендер де шақырылды.
Нұрғайып Ырысұлы, бүркітші /Моңғолия/:
Тәжірибе алмасқандықтан жылдан-жылға бүркітшілеріміз керемет дамып келеді. Құстың да күйін жақсы тауып жатыр. Қоян іліп жатыр. Шырғаға түсіп жатыр. Керемет-керемет мықты құстар бар екен.
Фестивальді өткізудегі негізгі мақсат - ұлттық өнерді ұлықтап, саятшылықты насихаттай отырып аймаққа турист тарту. Ол үшін осы сияқты басқа да шаралар үнемі өткізілмек.
Ермек Көшербаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Келесі жылы бұдан да артық іс-шаралар болады. Енді біз сәуір айында осы Ұлан ауданында фестиваль ұйымдастырамыз және басқа аудандарда да, осындай фестивальдерды ұйымдастырамыз.
Мұхтар Тойбазаров, «Салбурын-2023» халықаралық құсбегілер фестивалінің ұйымдастырушысы:
Қалада тұрып жатқан кісілерді қызықтату керек. Туризм ретінде көрсетсек, ол кісілірге де қызық болып кетеді. Осыдан ары қарай дамыта береміз. Шет елден де кеп тұрады деп сенеміз.
Фестивальде құсбегілер шырға тартып, бүркіттерін қоян мен түлкіге салды. Қолына сұңқар мен қаршыға қоныдырғандар қоянға томаға сыпырды.
Тазыларды да түлкіге қосты. Екі күн бойы өткен өнер фестивалінде тақымы темір жігіттер жүген-құрық тимеген асауға мінсе, мергендер садақ атудан өзара мықты анықтады
Олжас Керейхан