«Болашақ» бағдарламасы Қазақстандағы кадр тапшылығы мәселесін шеше алды ма? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Болашақ» бағдарламасы Қазақстандағы кадр тапшылығы мәселесін шеше алды ма?

26.11.2023

Бауыржан Рақышев – «Болашақ» түлегі. 13 жылдан бері жүрекке күрделі ота жасайды. Тәулігіне кемінде 3-4 адамның өміріне араша түседі. «Бұрын мұндай операциялар тек шет елде ғана мүмкін болған» дейді.

Бауыржан Рақышев, кардиохирург:

Өзім медицина маманы болғаннан кейін соңғы ақпараттармен бөлісейін. Мысалы, 1000-ға жуық медицина маманы «Болашақпен» бітіріп келген жылына 200 мыңдай ота жасайды. Әртүрлі ірілі-ұсақты деген сияқты.

Бірақ Бауыржан секілді дәрігерлер «Болашақ» түлектерінің 7 пайызын ғана құрайды. Немесе 30 жылда 900-ге жуық медицина маманы дайындалған. Степендиаттардың 55 пайызы гуманитарлық саланы, ал 2 пайызы шығармашылықты таңдаған.

Елжас Рахымбек, актер:

АҚШ-та сен талантты актер болсаң, сен сұраныста боласың. Біздегі киноөндірісінде кәсібиліктен гөрі адами қарым-қатынасты артық бағалайтын кездер кездеседі. Әрине, мұндай әрекеттер бәсекелестікті өлтіреді. Менің «Болашақ» сыйлаған Америкадағы 4 жылда ұққанымның бірі осы.

Сол 2 пайыздың бірі Елжас Рахымбек. Ол АҚШ-та кино өндірісі мамандығы бойынша білім алған. 10-нан астам кинотуындыға түсіп, продюсер ретінде де бірнеше фильм таспалаған. ««Болашақ» түлектерінің Қазақстанға оралған соң бой үйретуіне уақыт керек» дейді ол.

Елжас Рахымбек, актер:

Шет елден оралған соң жұмыс табу оңай емес. Адаптациядан өту керек. Мысалы кино саласында жұмыс қарқыны әртүрлі. АҚШ-та таймингке өте қатты мән береді. Яғни әр нәрсе өз уақытында істелуі керек. Бір түсірілім күнінің ұзақтығы 12 сағатқа созылады. Ал Қазақстанда бұл енді қалыптасып келе жатыр. Бізде түсірілім күнінің ұзақтығы 17-18 сағатқа дейін созылып кететін кездер болады.

Айнұр Кәрібозова, Maqsut Narikbayev University басқарма төрағасының орынбасары:

Жалпы шет елге шығу жұмыс болсын, білім алу болсын, зерттеу болсын ол адамның дүниетанымына, ішкі мәдениетіне жан-жағыңда болып жатқан құбылыстарға деген көзқарасына өзгеріс жасамай қоймайды.

«Болашақтықтар» көбіне Ұлыбританияны таңдайды. Одан соң АҚШ пен Канада тұр. Бір «Болашақ» стипендиатын қаржыландыруға жылына орта есеппен 10-12 миллион теңге кетеді екен. Осынша қаражат жұмсалған бағдарлама елдегі кадр тапшылығы мәселесін шеше алды ма?

Ұлжан Қалимұратқызы, ҚР ЕХӘҚМ ұлттық біліктілік жүйесін дамыту және еңбек нарығын жоспарлау департаментінің басқарма басшысы:

2030 жылға қарай кадрдың қажеттілігі 1,8 миллионды құрайтын болады. Оның ішінде 53 пайызы яғни 976 мыңнан артық техникалық кәсіби білімі бар мамандарды қажет етеді. Білім саласында мамандықтар тапшы етеді. Ол мектептегі мұғалімдер. Екінші сала денсаулық сақтау бойынша салада.

Аятжан Ахметжан, республикалық қосымша білім беру орталығының директоры:

Егер «Болашақпен» 30 жылда 12 мың маман бітірген болса, мемлекеттік грант неше миллион балаға берілді. Беріліп жатыр ғой. Олардың сұрауы қайда?

«Сондықтан қай елде емес, қай жерде оқығанына да мән берген жөн»,- дейді Аятжан Ахметжан.

Аятжан Ахметжан, республикалық қосымша білім беру орталығының директоры:

Бюджет шетке шашылатындықтан ол жердегі университеттер нақты іріктелген, кемінде әлемнің 200 университетіне кіретін университеттер болуы керек. Өкінішке қарай кейбір университеттер бар «Болашақтың» тізімінде жүрген. Әлемдік рейтингте мыңнан төмен.

Ресми дерек бойынша «Болашақ» түлектерінің 98 пайызы яғни 10 мыңға жуығы Қазақстанға оралып, қызмет жасаған. Әлі 3 мыңнан астамы міндеттемелерін орындап жатыр. Соның ішінде 55 азаматтың ереже бұзғаны анықталған. Яғни олар не мамандығы бойынша жұмыс істемеген, не болмаса Қазақстан аумағынан шығып кеткен.

Мақсат Сералы, экономист:

Жас азаматтарды құрдан-құр бір жалақыға болмаса патриоттық сезіммен ұстап тұру ұзаққа бармайды. АҚШ-та «Дженерал Моторс» компаниясынан стажировкадан өткен азаматтар мысалы, Англияда оқыған азаматтар ол ішкі нарыққа келгеннен кейін бізде Қазақстандағы ол жерде өндіріс орындары жоқ қой.

Өндіріс дегеннен шығады,соңғы 2 жылда стипендия бөлуде инженерлік,техникалық бағытқа басымдық беріледі. Бірақ, дәл осы салада әлемнің көшбасшы оқу ордаларына түсу оңай емес.

Айнұр Кәрібозова, Maqsut Narikbayev University басқарма төрағасының орынбасары:

Инженерлік техникалық мамандарды дайындаудағы қазір басымдық күшеюнің себебі неде? Орта білім саласында инженерлік-техникалық мамандықтарға жоғары білім деңгейінде түсуге нысанды дайындықты күшейту керек.

Сезім Мұстапаева болса, АҚШ-тың Хопкинс атындағы зерттеу университетінде оқыған. Тау жыныстарын зерттеуші ғалым.

Сезім Мұстапаева, Сәтбаев университеті геология кафедрасының доценті:

Менің жетекшім айтты өзің Қазақстанның пробаларын, сынамаларын алып бар. Соны Хопкинсте зерттесең сол бізге тиімді болады деп. Біздің қуанышымызға орай 12 пробада жоғары оң нәтиже көрсетті. Сонымен Хопкинс университетінің ғалымдары жиналыс жасады да айтты: Біз Қазақстанға қайта барғымыз келеді.

Сезім қазір де Қазақстандағы геологиялық барлау экспедицияларына қатысады. «Зерттеуді тоқтатпаймын» дейді. Бірақ...

Сезім Мұстапаева, Сәтбаев университеті геология кафедрасының доценті:

АҚШ-тағыдай лаборотория Қазақстанда жоқ. Біздегі Сәтбаев университетіндегі бар лаборотория осы қазіргі.

Үкімет алдағы уақытта да «Болашақ» стипендиясын, мемлекеттік гранттарды бөлуде де техникалық бағытқа басымдық береді. Бірақ мамандарды реттеу басқару менеджментінің жұмысы екені түсінікті. Ал бұл дегеніңіз гуманитарлық ғылымға келіп тіреледі. Мүмкін маман даярлау емес, бар маманды кәдеге жарату жағы ақсап тұрған шығар?

Елдос Есенбол

Хабарламаларға жазылу