Елімізде қызылша бойынша ахуал қиын. 30 бала жансақтау бөлімінде ауыр жағдайда жатыр. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі 15 бала бар. Бұл туралы үкіметте денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді. Жалпы, тұтас ел бойынша 17 мыңнан астам жағдайы тіркелді, оның 82 пайызы балалар арасында анықталған. Үкімет басшысы қызылшаға қарсы екпені күшейтуді тапсырды. Азамат Бейбітұлы толығырақ баяндайды.
Азамат Бейбітұлы, тілші:
Қызылша ауруы өсіп барады, өршіп барады. Санға сан қосылып жатыр. Санның артында абдыраған жан бар. Тек бір ғана қараша айында 6 мыңнан аса адамнан қызылша анықталған. Бірақ, жұққанымен, жыққан жоқ. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, өлім-жітім тіркелмеген, болмасын деп тілейміз. Ауру анықталып жатқан балалардың 83 пайызы вакцина алмаған. Жауапты министрлік екпеге екпін түсіріп, ескертіп жатса да әлі бейқамдық бар.
Ал премьер-Министр Әлихан Смайылов қызылшамен күреске жергілікті әкімдер белсенді атсалысуы керектігін айтты. Яғни, белең алып бара жатқан аурумен тек денсаулық сақтау жүйесі ғана емес, бүкіл қоғам болып күресуіміз қажет», – деді де, екпе алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Мұндай қауіпті вируспен вакциналаудан өзге жолмен күресу мүмкін емес. Сондықтан екпе алуды күшейту қажет. Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер вакцина алудың қажеттігі туралы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейту керек.
Эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Мысалы, жоспарлы иммундаумен 600 мыңнан аса бала қамтылды, бұл 1 жас және 6 жастағы балалардың 84 пайызы. Жыл соңына дейін осы жас тобындағы 100 мыңнан астам бала вакцинациядан өтеді деп жоспарланып отыр. Ауырғандардың 65 пайызы 5 жасқа дейінгі балалар болғандықтан биыл қараша айынан бастап 1 жасқа дейінгі балаларды, сондай-ақ 2 жастан 4 жасқа дейінгі балаларды қосымша жаппай иммундау басталды. Онда 94 мың адам қамтылды. Жалпы биыл 770 мыңнан астам бала егілді.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Вакцинациядан бас тарту - көбінесе мүгедектікке, өлімге әкелетін көкжөтел, дефтерия, полимилит, Б гепатиті сияқты вакцинамен басқарылатын бұрыңғы инфекциялардың өршуіне әкелуі мүмкін.
Қазір қызылшаға қарсы вакцинаның қосымша 1,5 млн. дозасы сатып алынды. Қызылша көше кезіп, салғырттықтың ізін шолып жүр. Аурудың таралмауының, төтеп берудің төте жолы осы вакцина салу дейді мамандар.
Азамат Бейбітұлы