Алматыдағы өртенген хостелге жаңа ғана Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Астанадан арнайы ұшып барды.
Әйгерім Ердәулет, тілші:
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың 13 адам көз жұмған хостелге келгеніне шамамен 5 минут қана болды. Қасында арнайы комиссия мүшелері де бар. Журналистерге сұхбат беріп үлгермеді. Министр бастаған топ полицейлер қоршап қойған хостелдің ішінде кіріп жағдаймен танысып шыққан соң брифинг өткізеді деген ақпарат бар.
Ал қазір айналаны жинау жұмыстары жалғасып жатыр. Бірінші қабаттағы терезелердің сынып жатқанынан қарап, адамдардың әйнекті шағып, қашып шыққанын байқауға болады. Жертөледегі қою қара түтін бірінші қабатты түгел алып кеткен. Сондықтан тұншыққандар 3 терезені сындырып шыққан. Жаңа ғана қарап көзбен көріп шықтық, үш қабатты үйдің кіре берісінен бастап түгел ыстың иісі шығып тұр. Әбден үрейленген тұрғындар өрт датчигінің жоқ екенін де апаттан кейін байқапты.
Өрттен зардап шеккен 4 азамат қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізілген. Үшеуі Қазақстан, ал біреуі Үндістан азаматы. 1996 жылы туған Қазақстан азаматы токскология бөліміне жатқызылды. Жағдайы орташа ауыр. Көмірқышқыл газімен уланған. Айығуына 5-6 күн қажет. Қалған үш адам амбулаториялық ем алуға жіберілді.
Әйгерім Ердәулет