Алматыда хостел өртеніп, 13 адам көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда хостел өртеніп, 13 адам көз жұмды

30.11.2023

Бүгін Алматыдағы тұрғын үйдің жертөлесіндегі хостел өртеніп, 13 адам көз жұмды. Алдын-ала болжам бойынша қызыл жалын матрастың тұтануынан басталған. Түтінге тұншыққан адамдардың біразы бірінші қабаттың терезесін шағып, сыртқа шығып аман қалған. Ал 13 адамның мәйітін құтқарушылар хостелдің жертөлесінен алып шықты. 

Әйгерім Ердәулет, Тілші:

Өрт болған хоcтелдің аумағы әлі қоршаулы. Мұнда тіпті жатақхана тұрғындарына жеке заттарын алып шығуға рұқсат беріліп жатқан жоқ. Ал оқиға көрерменге түсінікті болуы үшін хронологиясын тізіп шығайын. Өрт сөндірушілерге қоңырау 5:33-те түскен. Құтқарушылар жеткенше біраз адам жан сауғалап терезені шағып, қашып шыққан. Көбі ұйықтап жататын уақыт қой. Оның үстіне жертөленің терезесі болмағандықтан 13 адам оқиға орнында көз жұмды. 59-ы эвакуацияланды. 4 адам ауруханаға түсті. Хостелде болғандардың көбі жастар мен студенттер. Куәгерлер жертөледегі адамдардың аман қалардай мүмкіндігі болмады дейді.

Әрсен Асылбеков, Студент:

Ешқандай мүмкіндік болған жоқ, өйткені түтін, от, шығу қиын болды. Бізге өрт жанып бастағыннң өзінде шығу қиын болды. Ұйықтап жатқан адамдарда мүмкіндік болмады, өкінішке қарай.

Фуэт Аудия, Турист:

Біз қатты айғай-шудан, өрттің иісінен ояндық. Таңғы 5-те хостелде түк көрінбеді, қою қара түтін болды. Сондықтан бізге хостел аумағынан шығу қиынға соқты. Студенттер, сол жерде тұратын адамдар, терезені бұзып шығуға мәжбүр болды. Қазақстанның тауына қызығып турист болып келіп едім, 1 ай болды бұл хостелде тұрғаныма.

Түсіндіре кетейін, хостел, яғни адамдар түнеп кететін жатақ 3 қабатты баспананың жертөлесі мен 1-ші қабатында болған. 500 шаршы метр жатақхананы қанша адамның паналап келгені белгісіз. Дәлізі де бөлемесі тар хостелде екі этажды керуеттер қойылып, әр орын кемі 25 мың теңгеге жалға берілген. Бір бөлмеде 5-6 адамнан тұрған. Әкімдік, жатақхана 1,5 айдан бері заңсыз жұмыс істеп келген, ешқандай рұқсат бермедік деп отыр. Ал тұрғындар мұнда қарапайым өрт датчигінің жоқ екенін айтады.

Әйгерім Ердәулет, Тілші:

Тұрғындар бүгін де үреймен үйлерінде қалатыны түсінікті. Олардың айтуынша, мұндағы электр сымдары да әбден тозған. Айтпақшы, ауруханаға жеткізілген 4 адамның 3-уі үйіне қайтарылған. Біреуінің жағдайы орташа. Ал қайтыс болған жастардың жақындары мәйітханаға барып, туыстарының жеке басын растап жатыр. Тек қана қойма болуға жарамды жертөленің қалай жатақханаға айналып кеткенін құзырлылар қылмыстық іс қозғап, анықтауға кірісті.

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу