Алматыда жыл басынан бері 7 хостел заңсыз жұмыс істеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жыл басынан бері 7 хостел заңсыз жұмыс істеген

01.12.2023

Алматыда 13 адам көз жұмған хостелдің айналасы әлі қоршаулы, полиция күзетіп тұр. Жантүршігерлік апаттан көз жұмған азаматтардың жақындары келіп марқұмдардың заттарын алып кетіп жатыр. Әріптесім Әйгерім Ердәулет бүгін де оқиға орнына барды, қаладағы өзге жатақтардың да жағдайын көріп қайтты.

Он үш адамның мәйіті шыққан хостелдің алды бүгін тып-тыныш. Өрттен кейін айналасын түгел тазалап тастаған. Қоршалған аумаққа тек полиция мен зардап шеккендер өтіп жатыр. Өрттен көз жұмғандардың жақындары мен аман қалған студенттер құжаттары мен заттарын алып кетуге келген. Хостелдің алдына гүл шоқтарын қойғандар да бар.

Қала әкімі Ерболат Досаев, жертөлені хостелге айналдыруға тыйым салынғанын айтқан. Бірақ қалада тұрғын үйдің астында тұрған хостелдің бар екенін байқадық. Тілдескенімізде, бір күн түнеп шығу - 5 мың теңге, ал бір айға жалдасаңыз 50 мың теңге деді. Жертөленің терезесі жоқ, жуынатын бөлмесі мен дәретханасы біреу.

Тәулік бойы есігі ашық бұл хостелдің үйлерінің жертөлесінен ашылғанына тұрғындар да наразы.

Алматы әкімдігі тілшілер көрген жатақтың жертөледен ашылу себебін түсіндіре алмады. Тексеруге мораторий қолбайлау, кәсіпкердің үстінен ешкім арызданбаған. Бір анығы жыл басынан бері заңсыз істеген 7 хостелге шағым түсіп, іс сотта қаралып жатыр. Ал Ғылым министрлігі студенттерге арналған жатақ жертөледе болмайды, онда бөтен адам да кірмейді дейді. Тазалық пен тәртіп қатаң сақталатынын жеткізді. Мәселен, қаладағы ең ірі университеттің 360-тан астам студенті осы 5 қабатты ғимаратта тұрып жатыр.

Әділхан Төлепберген, Алматы қаласы бойынша студенттік омбудсмен:

Бұл жерде тек қана студенттер жатады, туристер, шетелдіктер ешкім жоқ. Студенттер кірер кезде арнайы пропуск көрсетеді, вахтершаға. Вахтершаоны қарап әрі қрай өткізеді және сол вахтершаның қасында бейнебақылау камерасы бар, сосын өртке қауіпсіздік нүктесі бар.

Барлық талапқа сай осындай 64 хостелде 4 мыңға жуық студент тұрады. Былтыр Алматыда жатақхана тапшылығы 26 мыңға жуық орын болса, биыл азайып, 11 мың орын жетпейді. Арзан пәтер таппаған студенттер тәулік бойы істейтін хостелдерді паналауға мәжбүр.


Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу