Әлем күн тәртібіндегі негізгі тақырып – климаттың өзгеруі. Сондықтан Дубайда өтіп жатқан саммитте айтылған өзге маңызды детальдарды Нұрбек Матжаниден білейік.
Дубайда өтіп жатқан климаттың өзгеруі жөнінде саммитке әртүрлі елден 70 мыңнан астам адам жиналған. Басты мақсат – жаһандық жылынудың алдын алатын келісімге келу.
БҰҰ әлем лидерлерін климат жөніндегі мәселеге алғаш рет жинап отырған жоқ. Осыдан 8 жыл бұрын Парижде парник газдарын шығаруды азайтуға келісіп, жаһандық орташа температураның өсуін 1,5-2°C-тан асырмауды мақсат етіп қойған еді. Дегенмен «Париж келісімі» тиісті деңгейде орындалмай жатыр. Сондықтан Дубайдағы басқосуға үміт көп.
Дүниежүзілік метереология ұйымы 2023 жылды әлем тарихындағы ең ыстық жыл болды деген қорытындыға келді. Жыл соңына дейін жаһандық жылынудың деңгейі 1,4°C-ға жетеді. Ал осыған дейін ең ыстық жыл ретінде 2016 жыл тіркелген еді.
Дубайда өтіп жатқан саммит аясында климаттың өзгеруінен зардап шеккен елдерге көмек көрсететін арнайы қор құрылды. АҚШ, Ұлыбритания, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты елдер қорға ондаған миллион доллар қаржы бөлуге уәде етті.
Одан бөлек, Біріккен Араб Әмірліктерінің президенті «жаһандық климаттық шешімдер» үшін көлемі 30 миллиард долларлық қор құратынын жариялады. Әрине, бұл жаһандық проблеманы шешу жолындағы жақсы жаңалық. Дегенмен осы саладағы кейбір сарапшылар бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуына қатысты алаңдап отыр.
Саммит 12 желтоқсанда аяқталады, дегенмен қазірдің өзінде бірнеше маңызды ұсыныстар мен мәлімдемелер айтылды. Мысалы, БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерреш қазбалы отын өндіруді тоқтатуға шақырды. Ұлыбритания патшасы III Карл “табиғи процестерді қалпына келтірмесек, өмірімізге тікелей қауіп төнеді” десе, премьер-министр Риши Сунак елде жел электр станциясын салуға 11 млрд фунт стерлинг бөлетінін хабарлады.
Бразилия президенті Амазонка аймағындағы құрғақшылық мәселесін көтерді. Кения президенті Африкада энергетика саласына инвестиция жетіспеуі салдарынан 600 миллион адам электр қуатына қол жеткізе алмай отырғанын айтты.
Жалпы, жиынға қатысушылар негізінен, қалпына келетін энергия көзінің қуатын үш есеге, қуат көзін тиімді пайдалануды екі есеге арттыруды және азық-түлік қауіпсіздігі бойынша ортақ келісімге келуді ұсынып отыр.
Саммит бір аптаға созылады, сондықтан қатысушылар ұсынысы әлі де талқыға түседі.
Осы аптада Солтүстік Корея әлем назарында. 27 қараша күні Солтүстік Корея алғаш рет өзінің спутнигін орбитаға ұшырды. Мақсаты – АҚШ пен Оңтүстік Кореяның әскери іс-қимылдарын бақылап отыру.
Сейсенбі күні Солтүстік Кореяның мемлекеттік арнасы спутниктің сәтті жұмыс істей бастағаны туралы хабарлаған. Ким Чен Ир Ақ Үй, Пентагон және Норфолк базасынан спутник арқылы алынған бірнеше бейнекадрды қарап шыққаны туралы эфирде баяндалады.
Солтүстік Кореяның спутнигі орбитаға жеткендігін АҚШ-тың Пентагоны да растады. Бірақ одан алынатын бейнелердің сапасына күмән келтірді. Әрі АҚШ пен Оңтүстік Корея БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің резолюциясын бұзғаны үшін Солтүстік Кореяның әрекетін қатаң сынға алды.
Жалпы, Пхеньян белсенді әрекетке көше бастады. Мысалы, Солтүстік Корея 27 қараша күні Оңтүстік Кореямен шекараға әскери күшін жұмылдырып, ауыр артиллерияны орналастырып жатыр. Сарапшылардың пайымдауынша, Пхеньян 2018 жылғы келісімге сәйкес алынып тасталған шекарадағы күзет бекеттерін қалпына келтіруді көздеп отыр.
Осы аптада Иранның әскери-теңіз күштері Каспийдегі флотын зымырандарды ұшыруға қабілетті жойғыш кемемен толықтырды. Бұл Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Түркіменстан және Иран бөлісетін әлемдегі ең ірі ішкі су айдыны – Каспий теңізіндегі Иранның алтыншы әскери кемесі.
Әскери кеменің теңізге түсіру рәсіміне қатысқан Иран Қарулы Күштер Бас штабының бастығы Каспийді «бейбітшілік пен достық теңізі» деп атады. Дегенмен, Тегеран Әзербайжанды Израильмен тығыз әскери байланысы үшін сынға алып келеді. Сонымен қатар, соңғы жылдары Иранның әскери кемелері Ресей мен Әзербайжанның әскери-теңіз базаларына жақын барғаны анықталған.
Сарапшылар болса, әскери кемелердің көбеюі Тегеранның Орталық Азиядағы ықпалын арттырады деген пікір айтып жатыр. Иранның Каспий теңізі жағалауында әскери күшінің кеңейіп келе жатқанына да назар аудару керек деп есептейді. Бұл қадам Иранның стратегиялық мақсаты аймақтағы геосаяси жағдайын нығайту екенін білдіреді дейді мамандар.
Жалпы, Иран ислам республикасы 1960 жылдардың аяғынан бастап Каспий теңізіндегі әскери күшін жетілдіруге талпыныс жасап жүр. Бұл әрекет, әсіресе, 1990 жылдардан бастап жиі байқалып жүр.