Қазақстанның көміртегінен арылу туралы бастамасына Еуроодақ қолдау көрсетуге дайын. Алдағы 7 жылда бізде баламалы энергетиканың үлесі 15 пайызға жетеді. Экономиканы декорбанизациялауға Қазақстан аса байыппен қарайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуде Euronews тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Дүниежүзінде климат пен қауіп қатар айтылатын болған. Өйткені жаһандық жылыну мәселесі ушығып барады. Кейінгі 35 жылда жер-жаһан күрт жылынды. «Бұған себеп – көмірқышқыл газының ауаға көптеп шығарылуы», деседі ғалымдар. Оның салдары аса ауыр екенін бәрі біліп отыр. Тығырықтан шығаратын шешімнің бірі ретінде «жасыл» экономикаға көшуге талпыныс жасап жатыр. Бүкіл әлеммен қатар, Қазақстан да көш қатарында. Президент мұны Euronews тілшісіне берген сұхбатында тағы айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз экономиканы декорбанизациялауға, яғни атмосфераға көміртегі шығындыларын, әсіресе көмірқышқыл газын азайту процесіне аса байыппен қараймыз. Әрі оны әртараптандыру мен көміртекті емес секторларды дамытуға серпін беруге баса мән береміз.
Соңғы жылдары бізде баламалы энергетикадан өндірілген қуаттың жалпы көлемі 5 пайызға өсті. Оның үлесін 2030 жылға қарай 15, 2050 жылы – 50, ал 2060 жылы 80 пайызға арттыру туралы батыл жоспар бар. Ел аумағында қазір осындай балама қуат көзін өндіретін 130-дан аса нысан тіркелген. Оның 40-ы жел станциясы, 49-ы күн, 40-ы гидроэлектр және 5-і биоэлектр станциясы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл жаһандық экономикалық дамудың жалпы тенденциясы және Қазақстан одан қалыспайды. Сонымен қатар біз қоршаған ортаны қорғауға үлкен мән береміз. Иә, Қазақстан бұрынғысынша өзінің энергетикалық кешенінде көмірді пайдаланады, алайда көп ұзамай оң өзгерістер болады деген ойдамын.
Электр қуатының 70 процентін әлі де көмірден алып отырмыз. Демек, жасыл экономикаға көшу жолында ауқымды жұмыс күтіп тұр.
Елдар Есболов, Экологиялық саясат жане стратегияны дамыту менеджері:
Оны төмендету үшін жаңа технология қолдану керек. Біріншіден, әртүрлі күн және электр стансасы салынуы керек. Екіншіден, әлеуметтік шаруа. ол жобаларға көп қарайған қаражат керек. Ол қаражат үшін үлкен инвестиция керек. Шетелден инвестиция болуы керек. Мамандар керек. Сол салада істейтін мамандар аз.
Бұл тұрғыда Еуопалық одақ бізге қолдау көрсетуге ниет білдірді. Өйткені Қазақстанның 2060-жылға қарай көміртегінен арылу туралы бастамасын қолдап отыр. Әрі оны жүзеге асыруға бағытталған тәжірибесімен бөлісуге дайын.
Люк Девинь, Еуропалық сыртқы істер қызметінің Орталық Азия және ЕҚЫҰеқыұ бойынша басқарушы директорының орынбасары:
Президент Тоқаев басымдық беріп отырған жасыл экономикаға көшу Қазақстан мен Еуропалық одақ үшін өте маңызды және ортақ мүдде үшін атқаратын ісіміз көп. Геосаяси ахуал ушыққалы Қазақстан мен Еуроодақ үшін Транкаспий көлік дәлізі арқылы байланыстың маңыздылығы артты. Осы бағытта әлі талай шаруа атқаруымыз керек.
Жалпы Еуропа елдері де көмірсутектен бас тартып, жасыл энергияны дамытуды көздейді. Алайда кәрі құрлық сирек кездесетін металл кеніне зәру. Ал оларға қажетті 34 металдың 18-і Қазақстанда өндіріледі. Қазір осы бағытта көп ел бізбен байланысуға бейіл.
Аксель Готальс, Азиялық зерттеулердің еуропалық институты директоры:
Еуропалық одақ қазір аса маңызды шикізатқа мұқтаж екенін білесіздер. Ал Қазақстан сол минералға бай. Оны тек экспорттап қоймай, сол жерде өңдеу ел экономикасына қомақты кіріс әкеледі. Осы маңызды шикізатты «Транскаспий» көлік дәлізінің инфрақұрылымын пайдалану арқылы Еуропаға жеткізу екіжақты қатынасты күшейтеді.
Сайнұр Дерман, Халықаралық қатынастар бойынша сарапшы, мармара университетінің профессоры:
Күн сайын құбылып жатқан климаттық өзгерістер біздің жасыл экономикаға көшуіміздің болашақ үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетіп отыр. Президент Тоқаевтың көміртегінен таза экономика құру туралы бастамасы тек Қазақстан үшін емес, күллі әлем үшін қажетті қадам.
Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз. Ал бізде 2027 жылға қарай тағы 1,4 гигаваттық қуат көздері іске қосылады. Демек, қуат өндіруден бастап, оны таратуға дейінгі бүкіл энергетика саласын басқару тәсілдері жетілдіріледі. Салаға қатысты Президенттің осындай тапсырмасы бар.