АЭС құрылысы: 4 елдің технологиясы зерттеліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АЭС құрылысы: 4 елдің технологиясы зерттеліп жатыр

05.12.2023

Қазақстанға Атом электр станциясын салуға бірнеше елдің компаниялары ниет білдірген. Қазір еліміз Қытай, Корея, Ресей және Франция ұсынған технологияларды зерттеп жатыр. Ұлттық арна тілшісі Айя Мүтәлі соның ішінде Қытайдағы АЭС-тің жұмысымен танысты.

Айя Мүтәлі, тілші:

Бұл Қытайда енді салынып жатқан станция. Құрылысы 2019 жылы басталған. Шамамен келесі жылдан бастап 1-ші реактор іске қосылады. Жалпы алғанда бұл қалашықта кемі 6 энергоблок, яғни 6 реактор жұмыс істейді. Қытай бүгінде АЭС-ті ең қысқа мерзімде салатын мемлекеттер қатарында.

Көрші елде 21 АЭС жұмыс істейді. Тағы 22 жаңа энергоблок салынып жатыр. Қытай өз елінен бөлек, атом электр станциясын Пәкістан мемлекетіне ғана салып берген. Яғни, өзге елге АЭС салудан тәжірибесі аз.

Чжан Хунцзюнь, CNNPL компаниясы бас директорының орынбасары:

Біз салған станцияда осы уақытқа дейін аймақта бірде-бір апат болған жоқ. Экологияға зиянын білу үшін үнемі мониторинг жүргізіледі. Шыққан қалдықтар залалсыздандырылады. Оның жергілікті тұрғындардың денсаулығына залал келтірмеуін қадағалап отырамыз.

Пу Лиа, Чжэцзян провинциясының тұрғыны:

АЭС салынған 30 жылдан бері отбасымызбен осында тұрамыз. Ешқайда көшіп кетпедік. Әуелде қорқыныш болғаны рас. Көріп тұрғандарыңыздай, біздің экологиямыз таза, табиғатымызға еш зиян келмеген.

Ал қытайлық компания өкілдері жаңа салынған станция 10-15 жылда өзін ақтайды деп отыр. Нысан 60 жыл жұмыс істейтініне сенімді.

Фэй Джисун, CNNC Overseas компаниясы бас директорының орынбасары:

Біз АЭС-тің трубина бөліміне 27 айға, ал реакторларға 3 жыл кепілдік береміз. Ал құрылыс жүретін жер аумағына 2 жыл зерттеу жүргізіп, 5-6 жылда салып беруге дайынбыз.

Ал Қазақстан станция құрылысы жайлы шешім қабылдаған жоқ. АЭС салу үшін ең алдымен елімізде референдум өтеді. Халық таңдауынан кейін шешім қабылданады. Дегенмен, сарапшылар АЭС салуға ниет білдірген Корея, Ресей және Франция компаниялары ұсынған технологияларды зерттеп жатыр. Шетелдік компанияларға қойылатын талап та жоғары.

Ринат Оқасов, «Қазақстандық атом электр станциялары» компаниясы бас директорының орынбасары:

Біз үшін ең алдымен халықтың әрі станциядағы технологияның қауіпсіздігі маңызды. Сондықтан да Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік сарапшыларымен жан-жақты кеңесіп жатырмыз. Одан бөлек, станцияда өз мамандарымыз қызмет етуі тиіс. Жобасын ұсынып жатқан компанияларға қазақстандық мамандарды оқыту міндетін қойып жатырмыз.

Айя Мүтәлі, тілші:

Бүгінде атом электр станциясы АҚШ, Франция, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея секілді әлемнің 32 елінде жұмыс істеп тұр. Энергия тапшылығынан Африканың бірнеше мемлекеті мен Сауд Арабиясы АЭС салуды көздейді. Ал Орталық Азияда Қазақстаннан бөлек, станция салуға Өзбекстан мен Қырғызстан да ниетті.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу