Қазақтар көп шоғырланған Ыстамбұлдағы Зейтинбурну ауданында орналасқан Абай атындағы қыздар мектебінде өзіміздің қаракөздер көп оқиды. Осы мектепте ашылған домбыра үйірмесіне Бас консулдық пен «Тіл - Қазына» орталығы 40 домбыра тарту етті.
Седат Солакоғлу, домбыра үйірмесінің жетекшісі:
Өте қуаныштымын. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі бұл ең үлкен қолдау. Бұған дейін де қолдау болған, бірақ бұл ең үлкен қолдау. Осы домбыралар керемет. Өте үлкен шебердің қолынан шыққан. Сондықтан осыны бағалап үлкен нәтижеге жеткіземіз.
Ал Ыстамбұлдың Бағжылар ауданында жыл басынан бері жұмыс істеп тұрған домбыра үйірмесінің де ең үлкен проблемасы домбыра жетіспеушілігі еді. Ұлттық аспапты меңгеруге құштар балалар үшеуара бір домбырамен ойнап, қиналып жүрген еді. Бүгін оларға да 40 домбыра тегін берілді.
Мақпал Жұмабай, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми орталығының директоры:
Осы залда толып 20-30 бала отырды, бірақ домбыралары 5-6 домбырамен кезектесіп тартып отырды, домбыралардың сапасы сын көтермейді. Сынған жапсырылған, скочталған. Әрине менің жүрегім елжіреді. Бала әдетте қымбат дүние сұрайды, тәтті сұрайды, ал бұл балалар домбыра сұрады. Содан кейін мен сөз бердім алып келем деп. Бұл тек қана менің ғана емес, елдің сәлемі, аманаты.
Ыстамбұлдағы игі бастамаға куә болған Түркияның өзге қалаларында тұратын қазақтар да домбыра курсын ашуға талпынып жатыр. Себебі домбыраның күмбірі жастардың бойында ұлттық кодымыз жаңғыртады дейді. Ал Абай атындағы мектептегі жаңа ашылған домбыра үйірмесінің ең үздік үш шәкірті жазғы демалыста Қазақстанға қыдырып баратын болды.
Айдос Әшімұлы