Қостанай облысының Қарасу ауылындағы мектепте зергер - ұста Мырзахмет Елікбайұлы атындағы кабинет ашылды. Мырзахмет Елікбайұлы - Торғай өңіріне аты мәлім шеберлердің бірі. Бейбіт заманда тұрмыстық бұйымдар жасаса, ұлт-азаттық көтерілісі кезінде сарбаздарға қылыш, шиті мылтық соққан. Бүгінде ата өнерін ұрпақтары жалғастырып отыр.
Бейбіт Мырзахметов – Мырзахмет ұстаның немересі. Атасының көзін көрген, ұсталық қылғанда қасында отырып көрігін басқан. Өз әкесі Қалижан да қолы епсек, шебер кісі болыпты. Ал Мырзахметтің әкесі Елікбай мен ағасы Қожахмет те ұсталық қылған. Яғни бұл өнер ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жалғасып келеді.
Бейбіт Мырзахметов, зергер – ұста:
Мен күмістен соғам. Күміс тиындардан мөрше, құсмұрын деген сақиналар. Күміс қасықтан білезік соғамын.
Мырзахзмет ұстадан үш ұл, екі қыз қалған. Қазір олардың ұрпағы да өсіп-өніп отыр. Ата жолын қуғандары да бар. Бір немересі кәсіби суретші. Қай-қайсының да қолы ісмерлікке бейім. Мысалы мектепте географиядан сабақ беретін Қайыржан, безендірушінің міндетін де қоса атқарады.
Қайыржан Мырзахметов, Мырзахмет ұстаның немересі:
Темірден, ағаштан қажет нәрселерді жасай беремін. Мектепке керек нәрсені өзіміз жасаймыз. Материалын аудан орталығынан алып келеміз.
Мырзахмет Елікбайұлы 1893 жылы Сарыторғай өзені бойындағы Екідің ауылында дүниеге келген. Қазір ұрпақтары еліміздің әр тарабында тұрады. Ұрпақтарының демеушілігімен осы ауылдағы орта мектепте ұста атындағы кабинет ашылды. Енді бұл жерде оқушыларға еңбек сабағы өтетін болады.
Оразалы Шоңғалов, оқушы:
Бұрын еңбек сабағына арнайы кабинет болған жоқ. Сондықтан теорияны ғана оқыдық. Енді кабинет ашылды. Осы жерде зергерлікті де үйренеміз.
Жаңа кабинетке заманауи саймандармен қатар жәдігер ретінде Мырзахмет ұстаның өзі пайдаланған құралдары да қойылған. Оқушылар бұл жерде негізінен қарапайым тұрмыстық бұйымдарды жасау мен жөндеуді үйренеді. Сонымен қатар мектеп ұжымы ұстаның жолын жалғастырған ұрпақтарын шақырып, зергерлік өнер бойынша шеберлік сағаттарын өткізіп тұруды жоспарлап отыр.
Дәуренбек Әбдібек