Еңбек адамдарына әлеуметтік қолдау күшейеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еңбек адамдарына әлеуметтік қолдау күшейеді

07.12.2023

2024 жылы елімізде бірқатар сала қызметкерлерінің жалақысы өсіп, ауыр еңбек жағдайындағы 55 жастан асқан жұмысшыларға әлеуметтік төлем беріле бастайды. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауларға қарағандылық кеншілер де дән риза. Ал сарапшылар бұл үкіметтің қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайына қарайласуының айқын көрінісі, - деп баға беріп отыр. Кенді өңір Қарағандыдан тілшіміз Руслан Нұрланұлы баяндасын.

Көмір шахтасында 40 жылдан астам еңбек еткен Тұяқ Қоқымбаев әлеуметтік төлем туралы естігенде бөрігін аспанға атып қуанғандардың бірі. Енді ол 63 жасқа дейін ай сайын 200 мың теңгеден астам қаражатты көмек ретінде алып отырады. Ал бұл аралықта жеңілдеу жұмысқа ауысады ма, немесе ерікті түрде еңбек өтілін тоқтатады ма таңдау өзінде. Бірақ бір білетіні жер астындағы ауыр жұмысқа жас кезіндегідей жойқын күшінің жоқтығы.

Тұяқ Қоқымбаев, кенші:

Енді, әрине, қиын ғой шахтаның астындағы жұмыс. Кейбіреулер шыдай алмайды, аурудың барлығы содан болады. Қаншама кісілер ауру. Қазір барлығы істей береді. Не істейді енді отбасын асырау керек, несиесі бар. 55 жас енді бір жағына жақсы болды енді.

Арнайы әлеуметтік төлем ауыр еңбек жағдайында жүрген 55 жастан 63-ке дейінгі көптеген сала мамандарына беріледі. Оған бірінші кезекте металлургия, энергетика, тау-кен секторындағы жұмысшылар ілігеді. Ел бойынша бүгінде қауіпті өндіріс орындарында 490 мыңнан астам адам тер төгіп жүр. Мысалға, Қарағандыда 8 көмір шахтасы болса, оларда жұмыс істеген 3,5 мың адам өндіріс жағдайында жарақаттанып мүгедек болып қалғандар.

Наиль Юсупов, қоғамдық бірлестік төрағасы:

Соңғы 2-3 жылда өндірісте жарақат алып, еңбекке жарамсыз болып қалғандар 20 пайызға өсті. Басым дені 50-60 жас аралығындағы жандар. Олар қара жұмысқа күш-қайратының жетпеуі, шапшаңдықтың жоқтығы, ұмытшақтық сынды көптеген факторларға байланысты жазатайым жағдайларға ұшырап жатады. Әлеуметтік төлем осындай 55 жасқа толған жұмысшыларға мүмкіндік беретін болады.

Келер жылдан бастап азаматтық қызметкерлер, мұрағатшылар мен кітапханашылар, орманшылар және су саласы мамандары, металлургтер, энергетиктермен қатар кеншілердің де жалақысы өседі. Қыр басына мыңдаған тонна қара алтынды шығарып, ел экономикасына тынбай үлес қосып жүрген жандардың төменгі табысы 300-400 мың шамасында болмақ.

Ғазиза Жамалиева, әлеуметтанушы:

Жалпы қазіргі кезде әлеуметтік осал топтарға көп көңіл бөлініп жатыр мемлекет тарапынан. Бұл мемлекеттің әлеуметтік бағыттылығының бір көрсеткіші деп айтуға болады. Сонымен қатар көп мемлекеттік емес ұйымдар ашылып жатыр осал топтарға қызмет көрсететін.

Сарапшылар мен ауыр еңбек жағдайындағы жұмысшылар "2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының заңына да тоқталып өтті. Оларды үкіметтің әлеуметтік міндеттемелерді толық іске асыру үшін қолға алған жаңа заң тетіктері қуантып отыр


Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу