Саха тілі мен қазақ тілінде ұқсас сөздер көп. Қазақ ғалымдары алдағы уақытта якуттардың тілін тереңірек зерттемек. Тіпті сол үшін Якутскіге барып, арнайы тағылымдамадан өтіп жүр.
«Саха тілін зерттеу көнерген түркі сөздерінің түп-төркінін тануға септігін тигізбек»,-дейді Марат Рысқұлов. Ол Сібір түркілерінің тілін бірнеше жылдан бері зерттеп жүрген ғалым. Сол үшін Қазақстаннан Якутскіге арнайы келіпті.
Марат Рысқұлов, І.Жансүгіров атындағы ЖМУ докторанты:
Сібір түркілерінің тілі, саха елінің тілі бізге өте жақын, біздің алатыныз көп. Алдағы уақытта Әл-Фараби атындағы университетте саха тілі кафедрасын ашсақ па деген арманымыз бар. Өйткені ол жақта оқимыз деген, осы тілді зерттейміз деген жастар да көп.
Мамандардың айтуынша, саха тілі түркі тілінің түпкі тамырын, формасын үзбей, бұзбай келе жатқан тілдің бірі. Көптеген халықтың тілдік құбылыстарын бойына сіңірген тіл өзінің тарихи көпқабаттылығымен де зерттеушілерді қызықтырады. Саха Республикасы Ресей Федерациясының Солтүстік-Шығыс Сібір аймағында орналасқан. Бүгінгі күні мұнда 135-тен астам ұлт өкілі қоныс тепкен.
Антонида Корякина, А.Кулаковский атындағы достық үйінің директоры:
Түп-тамырымыз ортақ. Біздің достық үйімізде барлық ұлт өкілдері тату-тәтті. Біз қазақ тілінде фильмдерді тамашалап, керемет әсер аламыз. Мәдениет саласында да әріптестік үзілген емес.
Қазіргі таңда Якутияда 1000-нан астам қазақ тұрады. Қандастарымыз қазақ тілін ұмытпай, болашақ ұрпақтың бойына сіңіріп жүр. Алдағы уақытта ана тілін тереңірек меңгеруге мән бермек.
Индира Бегайдар