«Тұран» этно-тобы америка жеріне бір жылдың ішінде екінші рет келіп отыр. Отыздан аса ұлттық аспапта еркін ойнаған талантты жастар сақтар мен ғұндар заманынан бастау алатын алаш тарихын сазды әуезбен сөйлете білді. Ансамбльге тән ерекше жанрдағы халықтық және өзіндік туындылар, көмеймен ән айту шеберліктері залды еріксіз баурады. Көрермен бірде рухтанып, шабыттанса, енді бірде зұлмат жылдарға тап болып, күңіренді.
Бұл жолы да тарландардың өнерін тамашалуға келген көрерменің қатары қалың. Оның ішінде Вашингтон жұртымен бірге шетелдік дипломаттар да көп. Америкалықтар сәби кезінде Астанадан асырап алған Наурыз да анасымен бірге осы кештен табылды.
Наурыз Лестер Челмэн, көрермен:
Керемет кеш болды. Түрлі аспаптарда шебер ойнады. Тағы да келіп көруге асықпын.
Дженни Лестер, наурыздың анасы:
Наурыз музыканың барлық түрлерін өте жақсы көреді, әсіресе инструментальді музыкаға қызығады. Сондықтан мұндай кештерден қалмаймыз.
АҚШ-тағы тарихи орындардың ұлттық тізіміне енген Лиснер аудиториум концерттік залында өткен сазды кеште тұран тобымен қатар Қазақ ұлттық опера және балет театрының солисті Расул Жармағамбетов, опералық әнші, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Әйгерім Алтынбек, танымал пианист Дина Мирманованың шеберлігін шетелдік тыңдармандар жоғары бағалады.
Дэлонь Джудано көрермен:
Мен бірінші рет қазақтың мәдени мұрасымен, мағынасы терең, мазмұны бай музыкасымен танысып тұрмын. Қазақстандық өнер иелерінің шығармашылық шеберлігі жан дүниемді баурап алды. Керемет әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Алдағы уақытта қазақ музыкасының тұрақты тыңдарманы боламын.
Осылайша Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі ел тәуелсіздігіне арналған мерекелік шараларын бастап кетті. Ал, көне аспаптардың сиқырлы үніне тәнті болған көрермен ұлттық болмасты паш ететін мұндай әуезді кештер көп болғай деп тарқасты.
Жалғас Сәдібекұлы