Степногорск қаласында 89 тұрғын үйге жылу беріле бастады. Қалғандары кезең-кезеңмен қосылмақ. Қазіргі уақытта жүйеге су жіберіліп жатыр. Кеше кешке Славское, Целиноград көшелеріндегі жылу трассасында апат болып, 98 үй жылусыз қалған еді. Шаһарда жедел штаб құрылып, жөндеу жұмыстарына 30 адам мен 6 техника жұмылдырылған. Облыс әкімдігінің мәліметінше, бүгін таңғы сегізде барлық ақау жойылып, жылыту жүйесі қайта іске қосылған. Жауапты мамандар жағдайды бақылауда ұстап отыр.
Өзеннің арнасынан асу себебі айтылды
Ал Шығыстағы Риддер қаласында жеке үйлерге неліктен су кіргені анықталды. Сол жердегі «ЛК ГЭС» деген мекеме суды шамдан тыс ағызған. Бұл туралы шаһар басшысы Дәулет Батырбаев айтты. Мол судың кесірен Хариузовка өзенінің деңгейі көтеріліп, жақын маңдағы 2 үй мен 6 аулаға су жайылды. Оны сорғызуға төтенше жағдайдың 20 қызметкері мен 7 техника, 2 мотопомпа тартылды. Арнайы техникамен өзен арнасы мұздан тазартылды. Қазір үйлердің іргетасы мен іші кептіріліп жатыр. Жедел штаб құрылды.
Ермек Көшербаев, ШҚО әкімі:
Прокуратура, полиция және менің орынбасарым, қала әкімі арнайы комиссия құрып қарап шығады. Сіздерге қанша шығын келгенін есептеп, санап шығады. Оны көктемде де тағы қарап шығады. Бақылауға алынады. Олжағына күмән жоқ. Менің өзім келдіп қарап тұрам.
Газ баллоны жарылып, жеткіншек көз жұмды
Солтүстік Қазақстан облысында көппәтерлі үйде газ баллоны жарылып, 12 жасар қыз бала қайтыс болды. Тағы бір адам ауруханада жатыр. Қайғылы жағдай Аққайың ауданының орталығы Смирнов ауылында тіркелді. Екі қабатты үйден 9 адам эвакуацияланды. Баспанаға айтарлықтай зақым келген. Газ баллонының жарылу себебі мен шығын көлемі анықталып жатыр.
Нұрбек Байбосын