Pisa-2022: Қазақстан көрсеткіштері біраз бағыт бойынша жақсарған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Pisa-2022: Қазақстан көрсеткіштері біраз бағыт бойынша жақсарған

10.12.2023

PISA дейтін білім сапасын бағалайтын халықаралық бағдарлама бар. Ұйымдастырушы – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы. Үш жылда бір рет осы Ұйымға мүше елдердегі 15 жастағы оқушылар мен студенттер математика, жаратылыстану және оқу сауаттылығы бойынша арнайы тест тапсырады. Соның нәтижесіне қарай PISA тұтас елдің білім беру жүйесіне талдау жасап береді. Ал мемлекеттер сол зерттеуге сүйеніп білім саласындағы реформаларының тиімділігін бағалауға мүмкіндік алады.

Осы аптада PISA-2022 рейтингі жарияланды. Негізі бұл зерттеу 2021 жылы жасалуы керек еді. Бірақ коронавирус пандемиясына байланысты бір жылға шегерілген. Сонымен, PISA-2022 зерттеуінің авторлары қатысушы мемлекеттердің нәтижелері барлық пәндер бойынша күрт нашарлағанын айтады. Оқушылардың үлгерімі, 2018 жылмен салыстырғанда, математикадан 15 ұпайға, ал оқу сауаттылығынан 10 ұпайға түсіп кеткен. Бұған белгілі бір деңгейде Covid-19 пандемиясы әсер етті деп жазады зерттеушілер.

Ал Қазақстан, керісінше, позициясын жақсартты. Еліміз математика және жаратылыстану пәндері бойынша ТОП-50 елдің қатарына кірді. Жаратылыстану пәндері бойынша көрсеткіш, тіпті, 26 ұпайға артыпты.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Педагог мәртебесі туралы заң, инфрақұрылымды жөндеу, бағдарламаларды жаңарту – мемлекеттің осы қолдауы осы нәтиженің болуына мүмкіндік берді. Пандемия кезінде компьютерлер сатып алынды, сол уақытта балаларға ақысыз интернетке қосылуға мүмкіндік бердік, сол уақытта «Балапан» арнасынан бейнесабақтар болды. Сол сияқты кешенді жұмыстың арқасында сол пандемияның кері әсерін сондай бір үлкен деңгейде қылмай, жақсы нәтижеге қол жеткізіп отырмыз.

Сонда рейтингтегі ретіміз былай көрініс тапқан: математикадан 46-орынға тұрақтадық. 2018 жылғы рейтингте 54-орында болғанбыз. Жаратылыстану пәндерінен 49-орынға ие болдық. Алдыңғысында 69-орында едік. Оқу сауаттылығынан да бұрын 69-шы болыппыз, енді 61-орындамыз. Рейтингке 81 мемлекет қатысқанын ескерте кетейік...

Әрине, мұны Оқу-ағарту министрі сүйіншеліп жеткізді. Бұл – кейінгі жылдары білім саласында жасалған стратегиялық шешімдердің нәтижесі екенін жазды әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

«Педагог мәртебесін арттыру, жалақыны көбейту, қосымша білім беру, инфрақұрылымды дамыту, балаларымыз үшін қауіпсіз және жайлы ортаны қамтамасыз ету шаралары білім сапасын арттыруға тікелей әсер етеді. Білім саласын дамытудағы мемлекеттік ұстанымның дұрыстығы айқындалды» деп үстемелете түсті.

Расында, 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан осы реформалық бастамалар нәтижесін бере бастағанға ұқсайды. Бірақ PISA-дағы осы көрсеткіш тоқмейілсуге тұра ма?Онда басқа қандай маңызды индикаторлар бойынша мәлімет бар? Данияр Қайыртай зерделеп көрді.

Данияр Қайыртай, Тілші:

Нәтижесін үкіметтер асыға күтетін PISA зерттеуі 2000 жылдан бері жасалып келеді. Ал Қазақстан бұл рейтингке 2009 жылы қосылды. Сонда осымен бесінші рет қатысып отырмыз. Бірақ 2015 жылғы зерттеуде ұйымдастырушылар Қазақстанның нәтижесін мойындамай, рейтингтен ысырып тастаған. Ал PISA-2022-ге81 мемлекеттің бірі болып қатыстық. Ел аумағындағы 571 мектеп пен колледжде оқитын 15 жасқа толған 19 мың білім алушыPISA сұрақтарына жауап берді.

Ризагүл Сыздықбаева, PISA зерттеуінің ұлттық үйлестірушісі, А.Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» Ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығының департамент директорының орынбасары:

Зерттеу 3 пәнді бағалайды: оқу, математика және жаратылыстану сауаттылығы. Осы циклда басты бағыт математика сауаттылығы болды.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Біздің дәстүрлі үйреніп алған академиялық білімді анықтамайды бұл зерттеу, бұл – функционалдық сауаттылықты, яғни алған білімді күнделікті өмірде қолдану бойынша дағдыларын анықтайды.

Ұлыбритания, Кембридж

Әйгерім Көпеева, Білім саласы бойынша аналитик-зерттеуші, phd докторанты:

Біз оқушыларға қандай тапсырмаларды орындау қиын немесе жеңіл болғанын көре аламыз. Бұл ақпарат білім беру мазмұнын талдау, оқулықтарәзірлеу және мектептердегі оқыту әдістемесін одан әрі жетілдіру үшін аса маңызды.

Астанадағы №60 мектеп-лицейден 50 оқушы қатысқан. Соның бірі – Сағадат. Математиканы тереңінен оқитындықтан тапсырмаларын тез орындадым, дейді. Тек жаратылыстану пәндерінен қойылған сұрақтар қиындық тудырған.

Сағадат Темірханова, Астана қаласы №60 мектептің 10-сынып оқушысы:

Контекст сұрақтар болды, мәтін бойынша және жаратылыстану пәндерінен тест немесе өзің жазатын сұрақтар қойылды. Математикалық сауаттылық ондай қиын болмады.

Ал PISAқорытындысына қарасақ, математика бойынша өткен циклмен салыстырғанда аса бір айырмашылық жоқ. Бұған дейін 423 ұпай жинасақ, осы жолы (425) 2 ұпай ғана қосыппыз. Оқу сауаттылығы да сол деңгейде қалып отыр. 2018 жылы – 387 ұпай болған, бұл жолы – біреуге кем, яғни 386 ұпай жинадық. Ал жаратылыстану категориясы бойынша 26 ұпай айырмашылық бар. Бес жыл бұрын оқушылар 397 ұпай жинаса, PISA-2022-де 423 ұпай алған.

Ризагүл Сыздықбаева, PISA зерттеуінің ұлттық үйлестірушісі, А.Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» Ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығының департамент директорының орынбасары:

Біздің ең осал тұсымыз – оқу сауаттылығы. Егер біз математика мен жаратылыстанудан оң динамика көрсек, оқу сауаттылығында нәтижелер бірқалыпты.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бұл зерттеу сен бір минутта неше сөзді оқисың деген көрсеткішті анықтамайды. +Бұл жерде мәселе сол мәтінді түсіну. Өйткені бізде үлкен проблема не? Балалар тез оқиды. Жақсы оқиды. Бірақ сол оқылған мәтіндегі мазмұн бойынша, соның ішіндегі маңызды мәселелер бойынша сұрақ қойсаң, қиналады.

Ал білім саласының маманы Аятжан Ахметжан бұған мәтіннің сауатсыз аударылуы себеп болғанын айтады. Тапсырмаларды өзі де оқыған. Өйткені PISA өткен тұста ол Астанадағы №90 мектепті басқарып тұрған.

Аятжан Ахметжан, Республикалық қосымша білім беру орталығының директоры:

Қазақша аудармасы өте сәтсіз, калькалық аударма көп тапсырмалар, түсініксіз мәтіндер көптеу. Осының кесірі тиді деп ойлаймын.Кейін біреулер қазақ мектебі мен орыс мектебінің PISA-да көрсеткен нәтижесі деп екі бөліп алып, PISA-да қазақ мектептері төмен деп жалаулата ма деп қорқам.

Кей сұрақтар мен жауап нұсқаларының құрылымы түсініксіз болғанын қатысқан оқушылар да растап отыр.

Темірлан Төлеубай, Астана қаласы №60 мектептің 10-сынып оқушысы:

Мысалы, «сүт өнімі шіріп кетпеуі үшін не істеу керек?» деген сұрақтың варианты «иә» немесе «жоқ» болды. Сол сұрақ біраз қиындық тудырды, түсінбеушілік болды.

Осының кесірінен шығар, қазақша оқитын оқушылардың білім деңгейі орыс сыныбында оқитын құрдастарынан төменірек болып шыққан. Әйтсе де, бұрынғы PISA нәтижелерімен салыстырғанда, алшақтық азайып келеді.Әрине, емтиханға қатысқан қазақ сыныптарының саны көбірек. Ол да орташа көрсеткішке әсер ететіні түсінікті. Халықаралық тестіге қатысқан 571 оқу орнының 224-і – қазақ мектебі. 229 білім беру мекемесі – екі тілде оқытады. Тек 118 оқу орнының оқыту тілі – орысша. Соның бірі Қостанай облысындағы Әулиекөл ауылында орналасқан. Ондағы оқушылар да оқу сауаттылығынан қиналыпты.

Қостанай облысы

Арман Батыров, Әулиекөл мектеп-гимназиясының10-сынып оқушысы:

Ең қиын сұрақтар оқу сауаттылығынан болды деп ойлаймын.Себебі мәтін көлемі үлкен болды. Ал оны оқып, тапсырманы орындау үшін уақыт аздау берілді.

Амира Талкинбаева, Әулиекөл мектеп-гимназиясының10-сынып оқушысы:

Осы тестіден кейін мен өз әлсіз тұстарымды білдім. Енді соны жетілдіруге күш салып жатырмын.

PISA есебіне қарап, қала мен ауыл мектептерінің де білім деңгейін салыстыруға болады. Емтиханға ауылдардан – 238 мектеп, қалалық жерден 333 мекеме қатысқан.

Ризагүл Сыздықбаева, PISA зерттеуінің ұлттық үйлестірушісі, А.Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» Ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығының департамент директорының орынбасары:

Қала мен ауыл арасындағы айырмашылықты алсақ, осы циклда өткен циклмен салыстырғанда математика сауаттылығы бойынша 4 балға айырмашылық қысқарған, жаратылыстану сауаттылығынан 5 балға қысқарған.

Зерттеуден білім берудегі аймақтық теңсіздікті де көруге болады. Мәселен, математикадан Алматы (453), Астана (449) қалалары және Солтүстік Қазақстан (441)мен Қостанай облыстары (440) көш бастап тұр. Жамбыл (433) мен Павлодар облыстарының (426) да көрсеткіші жаман емес. Ал Атырау облысы (405) мен Түркістан өңірі (389) тағы да ең төмен нәтиже көрсеткен.

Бауыржан Абуов, Астана халықаралық университетінің вице-президенті, зерттеуші:

Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан өңіріндегі нәтижелер төмендеу жалпы Қазақстанның орташа балына қарағанда. Түркістан облысы ең төменгі көрсеткіш көрсеткен математика бойынша, 389 балл. Ал егер Алматымен салыстырсақ, ең көп балл жинаған, оның балы – 453. Яғни былай салыстыра айтсақ, орташа алматылық оқушы орташа түркістандық оқушыдан 2 жыл ілгері келе жатыр деген сөз.

Ұлыбритания, Кембридж

Әйгерім Көпеева, Білім саласы бойынша аналитик-зерттеуші, phd докторанты:

Осындай Өңірлердің нәтижесін талдау арқылы біз сол өңірлердің білім беру жүйесін дамыту үшін нақты шешімдерді қабылдай аламыз. Өйткені барлық мәселелерді министрлік деңгейінде шешу мүмкін емес, көп нәрсе облыс әкімдіктері мен білім басқармаларына байланысты.

Тағы бір маңызды көрсеткіш оқушылардың үйдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты. Сарапшылар, әдетте, тұрмысы төмен отбасыдан шыққан балалардың нәтижесі нашарлау болатынына мән береді.

Ұлыбритания, Кембридж

Әйгерім Көпеева, Білім саласы бойынша аналитик-зерттеуші, phd докторанты:

2022 жылғы PISA-да олардың және әл-ауқаты неғұрлым жоғары отбасылардан шыққан құрдастарының математика бойынша нәтижелері арасындағы айырмашылық 41 балды құрады. Дегенмен, бұл айырмашылық әлемдік орташа көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай төмен, яғни, қазақстандық балалардың оқу үлгерімі отбасының табыс деңгейіне қатты тәуелді емес.

PISA деген тек тест емес, сауалнамасы да бар. Сондағы бір сұраққа жауабында қазақстандық оқушылардың жартысына жуығы сабақ үстінде өзінің немесе сыныптасының смартфонына жиі алаңдайтынын айтқан. Демек,жақында парламенттің сабақта девайс пайдалануға тыйым салатын нормасы бар заң жобасын қабылдағанын сынаушыларға жауап дайын. PISA зерттеуінің өзі сол үшін керек. Жауапты орган соған сүйеніп салаға реформа жасайды.

Бауыржан Абуов, Астана халықаралық университетінің вице-президенті, зерттеуші:

Көптеген мәлімет береді, графиктерді береді, база данных береді. Соған қарап, +тағы да қосымша статистикалық мәліметтерге қарап, қандай да бір компетенциялар жетіспейтінін қарап, өздері бір реформалар жүргізеді.

Ризагүл Сыздықбаева, PISA зерттеуінің ұлттық үйлестірушісі, А.Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» Ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығының департамент директорының орынбасары:

Әр цикл аяқталған сайын біздің орталық ұлттық есептерді жариялайды. Ұлттық есептердің ішінде негізгі қорытындылар болады. Ұсыныстар жарияланады.

Сондықтан рейтингтегі позициямыз көтерілгеніне тоқмейілсімей, жекелеген индикаторларға мән беру керек, дейді сарапшылар.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу