Осы аптада «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының жаңа инвесторы анықталды. Лакшми Миттал тоқсаныншы жылдардың ортасынан бері иелік етіп келе жатқан ұйымды 286 миллион долларға сатты. Бұл сомаға Миттал басқарған «Ақтау құбыр зауыты» да кіреді. Үнді-британиялық кәсіпкер әу баста 3,5 миллиард доллар сұраған екен. Бірақ ұзаққа созылған келіссөздерден кейін әлдеқайда төмен бағаға келіскен.
Сонымен, Митталдан кейін металл өңдеу комбинатын енді Андрей Лаврентьев басқарады. Ол 1979 жылы Алматы қаласында туған. «Қазақстандық автобизнес қауымдастығының» негізін қалаушы және президенті. Allur Group компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы. Оның құрамына «Агромашхолдинг» және «СарыарқаАвтоПром» компаниялары кіреді. Allur Group – Chevrolet, KIA, JAC және LADA автобрендтерінің Қазақстандағы ресми өндірушісі және дистрибьюторы.
Жаңа инвестор 4 жыл ішінде компанияның 700 млн доллар қарызын өтейді. Жалпы соммасы 3 миллиард доллардан астам инвестиция құюға міндетті. Оның 1,3 миллиардын келесі жылдан бастап салады. «Келісім-шарт негізінде мемлекеттен бір тиын қаражат шықпауы тиіс. Барлық шығынды жаңа инвестор өз мойнына алды» деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев. Сондай-ақ министр компанияға бұрынғы «Qarmet» атауын қайтаруды ұсынды.
Лакшми Миттал:
Біз осы мүмкіндікті пайдаланып, «АрселорМиттал Теміртаудың» барша қызметкеріне соңғы 28 жылда қосқан үлесі үшін алғыс білдіргіміз келеді. Кейбір күрделі мәселелерге тап болғанымызбен, мақтануға тұрарлық көптеген маңызды жетістіктерге жеттік. «АрселорМиттал Теміртау» «Арселормитталдың» өте құнды бөлігі болды. Біз Қазақстан туралы оң естелікпен кетіп барамыз» деп жазған ол.