Қостанайдағы жарылыс: үйінді астында қалған үш адамның денесі табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайдағы жарылыс: үйінді астында қалған үш адамның денесі табылды

11.12.2023

Қостанайда бір қабатты ғимаратта жарылыс болып, бірнеше адам қиранды астында қалды. Қаза тапқандар да бар. 

Оқиға Амангелді шағын ауданындағы жеке кәсіпорындардың бірінің аумағында болған. Алғашқы болжам бойынша газ бен ауа қоспасы жарылып, салдарынан аумағы 300 ш/м-ге жуық ғимарат толық қираған. Бұл жерде сервистік қызмет көрсетіледі. Сондықтан жарылыс кезінде ғимарат ішінде тек қызметкерлер ғана емес, келушілер де болған.

Жарылыстың дүмпуі қатты болғаны сонша жақын маңдағы үйлер мен көліктер де зақымданыпты. Жан-жаққа ұшқан жарықшақтардан 10 адам жараланған. Олардың бәріне алғашқы көмек көрсетілгесін үйлеріне жіберілді.

Рақымжан Құрманғалиев, куәгер:

Үйге келіп отырғанмын, қатты дауыс шықты. Тіпті көрші кәсіпорындардың әйнегі сынған.

Алғашында үйінді астында 7 адам қалды деп болжанған. Кейін деректерді сараптай келе, олардың саны алты адамға азайды. Жаралыстан кейін бірер сағаттан соң үш адам құтқарылды. Оның біреуінің жағдайы ауыр. Кешке таман тағы бір адамның денесі табылды. Қиранды астында тағы екі адам болуы мүмкін.

Қайрат Қасым, Қостанай облыстық ТЖД басшысы:

Іздестіру-құтқару жұмыстары бір мезетте үш учаскеден жүзеге асырылып жатыр. Инженерлік техникамен қоса, қолмен аршып іздестіріп жатырмыз. Құтқарушылар да, әкімдік пен полиция қызметкерлері де, тіпті дәрігерлер - бәріміз кірісіп кеттік.

Құтқару жұмысына 200 адам, 40 шақты техника жұмылдырылған. Олар қиранды орнын толық тазалғанша жұмысты үзіліссіз жүргізеді. Жаралыстың себебін арнайы құрылған комиссия анықтайтын болады.


Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу