Қазақстанда алдағы үш жыл ішінде 1300 шақырым темір жол іске қосылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда алдағы үш жыл ішінде 1300 шақырым темір жол іске қосылады

12.12.2023

Жыл соңына дейін темір жолмен жүк тасымалдау көлемі тағы 100 млн тоннаға артады. Бұл туралы көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді. Бүгінде жүк тасымалын реттейтін бірқатар инфрақұрылымдық жоба іске асып жатыр. Оның ішінде батыс пен шығыстың экспорт мәселесін толық шешетін Достық-Мойынты теміржол желісі маңызды. Әріптесім Ақмаржан Ғафизқызының материалы

Қазақстан көрші бес елмен 27 теміржол шекара пункті арқылы байланысады. Жүк өткізу қуаттылығын арттыру үшін Қытай бағытындағы екі шекара бекетін 20 стансалық жол салу арқылы модернизациялау жоспарланған. Сала министрлігінің айтуынша, бұл жүк көлемін әдәуір ұлғайтады.

 Жайнар Асылбекова, ҚР Көлік министрлігі көлік саясаты департаментінің бас сарапшысы:

Біздің жоспарымызға сәйкес 2030 жылға дейін 35 млн тонна транзит тасымалдар көлемін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 2 млн контейнерлік тасымалдарды құрайды. +0500 Қазір өздеріңіз білетіндей Батыс-еуропа, Батыс-Қытай үлкен магистраль бар. Еуропа мен Қытайды жалғап тұратын. Сондықтан біздегі қазіргі басым пайда - теміржол көлігі арқылы келіп жатқандықтан, біз үлкен көңіл бөліп, оның тар жерлерін жоюды көздеп отырмыз.

Ринат Дүйсенов – кәсіпкер. Тау-кен саласында жеті бағыт бойынша Қытайға жүк тасымалдайды. Оның айтуынша, теміржол саласын жандандыру арқылы бәсекелестікті күшейтіп, сапаны арттыруға болады.

Ринат Дүйсенов, кәсіпкер:

Біз жыл сайын Қытайға, Түркияға төрт жүз мың тонна жүк тасымалдаймыз.Оның көлемін тағы өсіру жоспарда бар. Ал жүк көлемі артқан сайын оның тасымалы да күрделене түсетіні белгілі. Сондықтан елімізде транзит саласына ерекше көңіл бөлініп, екінші жолдар салынып жатқанына теміржолшы ретінде қуаныштымын.Кәсіпкер үшін жүкті жеткізудің жылдам болғаны маңызды. Инфрақұрылымды дамытқанда ғана тұтынушылар - бізді, Қазақстан дәлізін таңдайды.

Жүктің көп бөлігі теміржол арқылы жеткізілетіндіктен, саладағы инфрақұрылымды жетілдіру мәселесі өзекті. Президент еліміздің экспорттық және транзиттік әлеуетін арттыру маңызды екенін атап өтіп, жалпы ұзындығы 1300 шақырым болатын 4 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруды тапсырған. Олар «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» және Алматы айналма темір жол желілері. Аталған теміржол желілері тауар айналымын арттыруға, сондай-ақ жүктерді тасымалдау жақсартуға ықпал етеді. Оның ішінде 836 шақырым болатын «Достық – Мойынты» жобасы аса маңызды. Бүгінде Қытай мен Еуропа арасындағы контейнерлік ағынның 70 пайызы осы станса арқылы өтеді. Ал Қазақстан аумағы арқылы Қытайдан Еуропаға жасалатын жерүсті транзиттік тасымалдың үлесі 85 процент. Осы ретте Достық-Мойынты теміржол учаскесінің екінші жолының салынуы теміржолдағы жүк өткізу мүмкіндігін 5 есеге арттырып, экспорттық тасымал мәселесін толық шешеді. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Елжас Алдаберліұлы, мердігер компания өкілі, инженер:

Қазіргі таңда жер жұмыстары барлық телімде, яғни Мойынтыдан-Достыққа дейін жүргізілуде. 7,2 млн текше метрдің 5 млн-ы, яғни 70%- ға жуығы себілді. Соның ішінде 143 шақырымға теміржол төселінді. Ағымдағы жыл соңына дейін жалпы 300 шакырымға жуық теміржол төсеу жоспарымызда. Сонымен қатар су өткізу құбырлары мен көпірлер салынуда.

Биыл транзиттік жүк тасымалдау көлемі 19%-ға өсіп, 22 млн 500 мың тонна болған. Ал контейнерлік тасымалдар 15%-ға ұлғайса, экспорттық тасымалдау көлемі 70 млн тоннаға жетіп, 8, 5%-ға өскен. Еліміздің халықаралық көлік бағытында жүктерді тасымалдау көлемі екі есе өсті. Оны одан әрі арттыру үшін саланы жетілдіруді көздейтін 5 жылға арналған құжат бекіді.


Ақмаржан Ғафизқызы

Хабарламаларға жазылу