Ауыл тұрғындарына шағын несие беру үшін 100 млрд теңге бөлінеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл тұрғындарына шағын несие беру үшін 100 млрд теңге бөлінеді

12.12.2023

Ауыл тұрғындарына шағын несие беру үшін 100 млрд теңге бөлінеді. Осылайша жаңа 18 мың жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Мемлекет басшысы «Алтын сапа» байқауының жеңімпаздарын марапаттап, бизнестегі негізгі басымдықтарды атады. Президент іскер азаматтарға жағымды тағы бір ақпарды айтты. Келер жылы кәсіпкерлікті дамытуға арналған бірыңғай кешенді бағдарлама қолға алынбақ. Басымдық шағын және орта бизнеске беріледі. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде біз үйренетін ғана емес, үйрететін ұлт болуымыз керектігін де айтты. Ол үшін не істеледі? Тілші материалында.

Далада қырық градус аяз болғанымен, іште қызу келіссөз. Кәсіпкерлер оңтайлы сәтті қалт жібермеуге тырысып жатыр. Ауыл шаруашылығы мен цифрландыру министрлері де жиын алдында ұзақ пікір алмасты.

Иә, қазір агро салаға жаңа технологияларды енгізу маңызды. Соның табысын көріп отқандардың бірі – Шығыс Қазақстан облысындағы «Ост Фиш» компаниясы. Толық автоматтандырылған кәсіпорында 15-ақ адам жұмыс істейді. Дегенмен, олар Ертіс өзеніндегі сібір бекіресінің санын қайта қалыпқа келтірмек. Биыл 3 мың, келер жылы 200 мың шабақ жіберуді көздеп отыр.

Ерлан Сагидолдин, кәсіпкер

ШҚО, Орталық Қазақстан бойынша бекіре балығын өсіретін кәсіпорын мүлде жоқ. Ертіс өзені ежелден сібір бекіресінің отаны болғандықтан біздің кәсіп өте маңызды болып табылады. 

Нарықта кәсіп көп. Дегенмен бәсеке бар жерде сапа бар. «Қазақстанда жасалған» деген таңба ең жақсы өнімнің белгісіне айналуға тиіс деді Президент. 2029 жылға дейін экономиканы екі еселеу міндеті тұр. Ол үшін инвестиция тартуға баса мән беріледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Былтыр өңдеу өнеркәсібінің экспорты 26 миллиард доллардан асты. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Өткен жылы осы салаға 1,5 триллион теңге инвестиция тартылды. Өңдеу кәсіпорындарын дамытуға барынша жағдай жасалды. Соның нәтижесінде республикалық бюджетке түсетін салық 5 есе артты. Осылайша, бизнес өкілдері мемлекеттің сенімді серіктесіне айналды.Біз биыл жаңа экономикалық үлгіге көше бастадық. Ең алдымен, экономикамызда әділдік болуға тиіс. 

Бизнес өкілдері халық алдындағы жауапкершілікті терең сезінуі керек. Апаттан көз ашпаған Арселлор Миттал мысалы ұмыт қалған жоқ. Енді ол Қазақстандық кәсіпкердің меншігіне өтті. Оған да талап қатаң.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Жұмыстың бастапқы кезеңінде компанияға көмектесу – Үкіметтің ендігі міндеті. Содан кейін кәсіпорынның жаңа иесіне қатаң талап қойылады.

Бизнесті негізсіз тексеру мен қудалауға барынша тосқауыл қоямыз, - деді Президент. Кедергі келтіріп келген 10 мыңнан аса заң анықталып, 90 пайызы күшін жойды. Жаңадан әзірленіп жатқан салық кодексі де көп қағазбастылықты тыймақ. Ал шикізат бағасын реттеу үшін отандық кәсіпкерлерге талап қойылмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Келесі жылдан бастап ірі шикізат өндірушілер ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге міндетті болады. Олар Қазақстандағы өңдеу мекемелерінің қажеттілігін толық өтесе ғана, шикізатты экспорттай алады. Бұл шешім дайын өнім өндіруге және оны сыртқы нарыққа көбірек шығаруға ықпал етеді.

Биыл елімізде 91 инвест жоба жүзеге асқан. Құны 376 млрд теңге. 6 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта елімізде сүт өнімдерін шығаратын 115 ферма және 15 ірі құс фабрикасы салынады. Ал шағын және орта бизнестің экономикдағы үлесі 36 пайыздан асқан. 4 миллионнан астам адам осы саладан нәпақасын тауып отыр. Тұтас ауылды асырап отырған шаруалар да бар.

Мұрат Сәрсенбаев, кәсіпкер:

Біз өзіміздің Бесарық елді мекенінде түбегейлі жұмыс істеп жатырмыз. Күрішімізді егеміз, шөбімізді, мал және құс шаруашылықтарын жүргізіп отырмыз. Тағы да басқа елді мекендердің күріш егуіне инвестиция жасаймыз.

Адал азамат өз жағдайын ғана жасамайды. «Парыз» байқауына қатысушылар биыл түрлі әлеуметтік жобаға белсене атсалысқан. Қайырымдылыққа 80 миллиард теңге жұмсап, 6 мың жаңа жұмыс орнын ашты. Табысын елімен бөліскен осындай азаматтар жоғары құрметке лайық деді Президент.


Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу