Жетісу облысында жаңа кеден бекеті салынып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында жаңа кеден бекеті салынып жатыр

13.12.2023

Жетісу облысының Достық станциясында жаңа кеден бекеті салынып жатыр. Себебі Қазақстан мен Қытай арасындағы тауарайналым өсіп, алғашқы салынған терминалдың қуаты жетпей барады. Сондай-ақ визасыз қатынас орнағалы шекарадан өтушілер көбейді. Елдің шетінде, желдің өтіндегі кеденшілердің тынысы жайлы толығырақ Қуаныш Қанатұлы баяндайды.

Жаңа кеден бекетінің құрылысы былтыр көктемде басталды. Нысан барлық халықаралық талаптарға сай салынуда. Ауарайының қолайсыздығына қарамстан 100-ге тарта құрылысшы қарқынды жұмыс істеп жатыр. Ғимаратты толығымен келер жылдың екінші тоқсанында тапсырмақ.

Думан Оразалинов, Учаске Шебері:

Жарты жұмыс біткен. Монолитті жұмыстар, өзіңіз көріп тұрсыз, қазір металоконструкция жұмыстары болып жатыр. Енді отделка, сондай жұмыстары болады.

2005 жылы Алакөл кеден бекеті ашылғанда небәрі 50 жүк көлігін өткізетін. Қазір жұмыс көлемі алты есе артты. Сондықтан жаңа терминал ең алдымен ел экономикасы үшін маңызды.

Нұрсұлтан Әбішбаев, Алакөл кеден бекетінің бас маманы:

Жаңа кеден бекетінде күніне 750-ге жуық жүк автокөлігін қабылдау мақсатында және де жеке тұлғалардың жылдам өткізу пунктінен өткізу мақсатында барлық жағдайлар қарастырылады.

Жеке тұлғалар демекші екі ел арасында визасыз қатынау басталғалы бұл бекеттен де өтушілер көбейді. Тәулігіне Қазақстаннан бір автобус, Қытай елінен бір автобус халық қатынайды. Негізінен өз қандастарымыз.

Азат Қызыр, Алматы облысының тұрғыны:

Қытай Халық Республикасында екі баламыз бар. Соған барғанбыз. Енді ай сайын өтіп тұрамыз. Жағдай жақсы. Қуаныштымыз өзіміз.

Алдағы жылы көрші мемлекетпен темір жол арқылы жолаушы тасымалын да қайта жандандыру көзделген.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу