Жамбылда газ құбыры қысымға шыдамай жарылып, 5 ауыл жылусыз отыр. Олардың қатарында Жамбыл ауданындағы Қызылқайнар, Жасөркен, Жалпақтөбе, Қызылдихан, Гродеково ауылдары бар. Елді мекендердегі 8 әлеуметтік нысан да жылудан қағылды. Ұзындығы 24 метрге жететін орташа қысымды құбыр 10 жерден жарылған. Түнгі 10-дар шамасында болған апаттың нақты неден болғаны әлі белгісіз. Бастапқы болжам бойынша қысымның әсері болуы мүмкін. Қазір арнайы штаб жұмыс істеп жатыр.
Қанатбек Мәдібек - Облыс Әкімінің Орынбасары
Апатты қалпына келтіру жұмыстары шамамен 4-5 сағат жүргізіледі деген ойдамыз. Әлеуметтік нысандардан 4 мектеп 2 балабақша 2 медициналық ғимараттар жылусыз тұр. Оған байланысты жанар жағар маймен жұмыс істейтін арнайы құрылғы насостармен олардың жылу жүйелерін айналдырып, қатыр қалмау үшін әрекет жасауда.
Ал Тараздағы «Темір жол аумағы» шағын ауданындағы 700-ге жуық абонент жылусыз қалды. Жер үйлерге газ бөлетін италиялық қондырғы істен шыққан. Қала билігі кешке дейін барлық үй жылумен қамтылады деп уәде етті.
Қайрат Исмаил, қала әкімінің орынбасары:
Қазір 60 адам, 30 бригадада жұмыс жасауда. Бүгіндікке 691 абоненттің 398-і қайта қалпына келтірілді. Енді 293 абонент бойынша жұмыстар жалғасуда. Бір жерде кептеліс болды ма, әлде кептеліс болып тұрып жол көлік оқиғасы болды ма, қазір анықтау үстінде.
Данияр Әлімқұл