Қазақстан-Румыния қарым-қатынасы нығаяды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан-Румыния қарым-қатынасы нығаяды

13.12.2023

Румыния Транскаспий халықаралық көлік маршрутының әлеуетін бірлесіп дамытуға атсалыспақ. Бұл келісім Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің осы елге сапары барысында жасалды. Бұл - біздің дипломатиялық топтың Бухарестке алғашқы ресми сапары. Министр Мұрат Нұртілеу Румынияның Сыртқы істер министрі Луминица Одобескумен келіссөздер өткізді. Әңгімелесу барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жандандыру сөз болды.

Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:

Қазақстан Румынияның 1991 жылы біздің тәуелсіздігімізді мойындаған алғашқы еуропалық мемлекет болғанын жоғары бағалайды. Сіз Шығыс Еуропа мен Еуропалық одақтағы біз үшін сенімді және маңызды серіктесіміз боласыз. 

Луминица Одобеску, Румынияның Сыртқы істер министрі:

Біз осы оң динамиканы қолдауға, көлік және энергетика сияқты аса маңызды салалардағы қазақ-румын ынтымақтастығын тереңдетуін жалғастыруға дайынбыз.

Былтыр екі ел арасындағы сауда-саттық 2,7 млрд доллар болған. Кейінгі он жылда Румыния Қазақстан экономикасына 1,57 млрд доллар инвестиция салды. Ал біздің елде шығыс еуропалық елдің 37 компаниясы жұмыс істеп тұр. Румынияда Қазақстанның ең ірі шетелдік активі «ҚазМұнайГаз International» жұмыс істеп тұр. Бүгінгі таңда отандық компания осы елдегі негізгі инвесторлардың бірі ретінде беделін сақтап, Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосып келеді. Келіссөздер барысында білім, ғылым және мәдениет саласындағы бірлескен жобаларды да іске асыру бойынша уағдаластық орнады.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу