Бәс тігуді насихаттайтын жарнамаларға тыйым салу жайы қаралып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бәс тігуді насихаттайтын жарнамаларға тыйым салу жайы қаралып жатыр

13.12.2023

Бәс тігуді насихаттайтын жарнамаға тыйым салу керек. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев осындай пікірде. Ведомство басшысы министрлік ойын бизнесінің жосықсыз субъектілерімен белсенді күресіп жатқанын жеткізді. Биылдың өзінде сотқа 14 талап-арыз жіберіліп, 7 букмекерлік кеңсе, 5 тотализатор және 1 ойын автоматы залының жұмысын тоқтатқан. Қазір депутаттармен бірлесіп, азаматтарды құмар ойындардан шектеу үшін бірқатар заңнамалық түзетулер әзірленді, деді. Атап айтқанда, жас шектеуін 25 жасқа дейін көтеру, букмекер кеңселер мен бәс тігу туралы кез келген жарнамаға барлық жерде тыйым салу қарастырылып жатыр. Жалпы елімізде 13 букмекерлік кеңсе, 8 ойын автоматының залы, 5 казино, 2 тотализатор, 1 лотерея операторы және 7 мыңнан астам агент жұмыс істейді.

Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:

Жауапты ойын» халықаралық қағидатын енгізу жоспарланып отыр. Яғни, егер адам борышкерлердің, алимент төлемейтіндердің және кредиттер бойынша мерзімі өткен берешегі бар бірыңғай тізімге енгізілсе, оған құмар ойындарын ойнауға тыйым салынады. Осы шаралардың барлығы елдегі лудоманияның дамуына жол бермеу жөніндегі құқықтық тәртіпті заңды реттеуге және қамтамасыз етуге бағытталған.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу