Еліміздегі 37 жылу электр станциясының тең жартысы «қызыл» аймаққа енген. Яғни, күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал Орал, Кентау, Тараз, Қызылорда, Степногорск қалаларындағы жылу тарататын орталықтың 80 пайызы әбден тозған. Қауіп алдында тұр. Бұл энергетика министрлігінің берген мәліметі. Бүгін осы мәселенің шешімін табу үшін Астанада Қазақстан электр энергетика Қауымдастығының кеңейтілген отырысы өтті. Энергетика нысандары мен коммуналдық желілердің жай-күйі талқыланды.
Өндіріс саласының өкілдері бас қосқан жиында алдымен білікті маман даярлау мәселесі қозғалды. Себебі, соңғы 3 жылда еліміздің энергетика класстерінде кадр саны 20 пайызға азайған.
ТАЛҒАТ ТЕМІРХАНОВ, ҚАЗАҚСТАН ЭЛЕКТР ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Біз біріншіден мамандардың жалақысын көтеру мәселесін қарастырдық. Және де мына көмір мәселесін. Бізге көмірді беретін компаниялар алдындағы қарызды өтеу. Осы екі сұрақ аясында біз тарифті көтердік. Кейбір өңірде, кейбір компанияларда жалақыны 40 пайызға дейні көтеруге мүмкіндік болды.
Айта кетейік, биыл жылу және электрмен жабдықтау нысандарын жөндеуге 146 миллиард теңге жұмсалған. Ал 2029 жылға дейін отын-энергетикалық кешенін дамыту үшін еліміздегі кейбір кәсіпорындарға 7 пайыз жеңілдікпен несие берілу мәселесі қарастырылуда. Келесі жылы «Жылу энергетикасы туралы» заң қабылданады. Алқалы жиында осы заңнамаға енгізілетін нақты шешімдер жайы да талқыланды.
БАҒДАТ ОРАЛ «ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЭЛЕКТРОЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ КОРПОРАЦИЯСЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ
Тағы бір актуалды мәселенің бірі осы саланы қаржыландыру. Себебі, энергетика үлкен көлемдегі ақшаны қажет етеді. Қаржыдан бөлек уақыт деген нәрсе бар. Мысалы, бір жобаны бастан-аяқ бітіру үшін бір жыл емес кемінде 3-4 жыл керек. Сондықтан, қаржыландыру мәселесінде несие беру жағын әлі де талқылаймыз.
Бүгінгі кеңейтілген отырысқа энергетика саласын қадағалап отырған еліміздегі төрт министрліктің өкілдері де қатысты. Ал сарапшылар осы саладағы әбден қордаланған экологиялық міндеттемелерді қайта қарауды ұсынды.
ТӘУІРБЕК БОЗЕКЕН