Жетісу облысында 71 инвестициялық жоба жүзеге аспай тоқтап тұр. Жергілікті атқарушы билік кәсіпкерлерге мемлекеттік қаржы тетіктерін тауып беруге асықпайды. Бұл туралы облыс прокуроры кәсіпкерлерді қолдау форумында мәлімдеді. Ал Талдықорғанның индустриялық аймағынан 7 млрд теңгеге өндіріс ашуға келген екі кәсіпкер кедергілер салдарынан басқа аймаққа кетіп қалған. Дегенмен, жыл басынан бері 4,5 мың кәсіпкердің құқығы қорғалып, жұмысын жалғастыруына мүмкіндік жасалды. Басқосуда өңірлік орта және шағын бизнес өкілдері жер алуда, инвестициялық субсидия рәсімдеуде әлі де кедергілер көп екеніне шағымданды.
Ержан Талғатов, Кәсіпкер:
Бірнеше тағы дүкен ашайын деп едім, жер алайын десем акимат маған бермейді. Постоянно айтатын сөздері конкурс жариялау керек. Конкурс жарияла десем, білмейміз дейді.
Мұрат Нұрмұханов, Жетісу облыстық прокуратурасы басқарма басшысының орынбасары:
Көптеген сұрақтар қойылды. Ол сұрақ бойынша бізбен тиісті талдау жүргізіледі. Талдау жүргізгеннен кейін қандай да бір заңбұзушылықтар анықталса прокурорлық қадағалау актісі енгізіледі.
Қуаныш Қанатұлы