Түркістан облысының Кентау қаласында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданып жатыр. Бұл туралы облыстық төтенше жағдай департаментінің басшылығы мәлімдеді. Қазір шағын шаһардағы бес көпқабатты үй мен жиырмадан аса тұрғын үй жылусыз отыр. Себебі қаланы жылумен қамтамасыз ететін қазандықтардың бірі істен шығып, тек үшеуі жылу беріп тұр. Қала аумағында сондай-ақ, төрт елдімекен тұрғындары жарықсыз қалған. Кешегі желден электр желілерін қосу қиын болып отыр. Дауылдан тағы төрт аудандағы 35 елдімекенде жеті мыңға жуық абонент жарықсыз отыр. Сондай-ақ, Сауран мен Түлкібас аудандарында 9 елдімекен тұрғындары ауыз сусыз қалған. Бүгін өңірде күн райы біршама жылынып, облыстық маңызы бар жолдардың басым бөлігі ашылды. Дегенмен республикалық маңызға ие "Шымкент-Тараз" және облыстағы тағы төрт бағыттағы жолдар жабық.
Айнұр Әбілқасымқызы