Биыл егемен ел атанғанымызға 32 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл егемен ел атанғанымызға 32 жыл

15.12.2023

Биыл егемен ел атанғанымызға 32 жыл толады. Яғни 1991 жылы 16 желтоқсанда «Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданған еді. Түркия бірінші болып Қазақстанда өз елшілігін ашты. Тәуелсіздік жылдарында елеулі жетістіктерге қол жетті, күрделі сын-қатерлерде аз болмады. 32 жылдағы өзгерістерді әріптесім жіліктеп шықсын.

Тәуелсіз елдің ең бірінші байлығы – адам өмірі мен денсаулығы. Сондықтан аумалы-төкпелі заманда атқарылған алғашқы ауқымды іс Семей ядролық палигонының жабылуы. Кейін егемен елге тән рәміздер мен құжаттарды қабылдай бастадық. 1992 жылы әнұран, елтаңба, ту бекіді. Осы жылы халықаралық ұйымдардың толыққанды мүшесі болдық, Қазақстан Республикасының қарулы күштері құрылды. Тағы бір жыл өткен соң ата заң – тұңғыш конституция қабылданды, ұлттық валюта төл теңгеміз қолданысқа енді.

Келесі өткір мәселе шекараны шегендеу болды. Құрлықта 5 елмен шектесетін еліміз 13 мың шақырымнан асатын шекараны бекітті.

Болат Керімбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Шекара мәселесі әр кез өзекті. Өйткені кез келген елдер арасындағы соғыс қақтығыс даулы мәселелердің барлығы шекарадан басталады. 92 мен 2005 жылдар аралығында 1 күнде немесе 1 жылда шешілетін мәселе болған жоқ ол. Бірінші кезекте Қытай халық республикасы мен Қазақстан елінің арасындағы шекара мәселесі күн тәртібіне қойылды. Себебі қытаймен біз мыңдаған жыл көршілес болған соң бұл жердегі шекара мәселесінің даулы тұстары да болуы мүмкін.

Бүгінде Қытаймен шекара мәселесі шешілген жалғыз ел, ол – Қазақстан. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан саяси ұстанымының арқасында әлемдік аренадағы абыройын көтеріп, нақты позициясын көрсете білді. Қазір жаһан жұрты бізді бейбітшілік пен келісімнің мекені ретінде таниды.

Экономкада да ауыз толтырып айтарлықтай жетістік жетерлік. Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі атандық. Қазір шығыс пен батысты байланыстырушы ел ретіндегі әлеуетімізді арттырып жатырмыз. Әлемнің ірі инвесторлары қаржы құйып, жұмыс істегісі келетіндей жағдай жасай алдық.

Сапарбай Жобаев, экономика ғылымдарының докторы:

Бүгінгі күні Қазақстанның жалпы ішкі өнімі халықаралық деңгейде доллармен есептеледі 221 млрд доллар. Жан басына шаққанда 11-12 мың доллардан келеді. Бұл дегеніміз шығыс еуропа елдерімен жақын деген сөз. Яғни біз Болгария, Румыния сияқты елдердің қатарына шыққан едік. 32 жылда Қазақстан өзінің бір қалыпты жағдайына келді. Неге себебі 91 жылдары біз 120 орында болсақ қазір 55-60 орындардамыз жалпы ішкі өнім бойынша.

Кез келген елдің шынайы бет-бейнесі әлеуметтік жағдайдан көрінеді. Сондықтан мемлекет бұл бағытқа да ерекше мән беріп келеді. Жыл сайын ел бюджетінің тең жартысы осы салаға жұмсалады. Жалпы әлем елдерімен терезесі тең өмір сүру кез келген ұлттың ұлы мұраты. Сондықтан, тәуелсіздігімізді әрі қарай нығайта түсу үкімет пен мемлекеттік мекемелердің ғана емес әр қазақстандықтың асыл парызы болуы тиіс.


Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу