Қазақстанда сүт өнімдерін шығаратын 115 ферма салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда сүт өнімдерін шығаратын 115 ферма салынады

17.12.2023

Апта басында Президент «Алтын сапа» мен «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарын марапаттады. Экономиканың дамуына елеулі үлес қосқан кәсіпкерлерге бұйыратын бұл сыйдың Тәуелсіздік күні қарсаңында табысталуында да символикалық мән бар сияқты.

Елдің өркендеуі халықтың тұрмыс сапасы мен бизнестің жағдайымен бағаланатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан болар, салтанатты жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды металлургиялық комбинатының кейсін еске салды.

«Жұмыстың бастапқы кезеңінде компанияға көмектесу – Үкіметтің ендігі міндеті. Содан кейін кәсіпорынның жаңа иесіне қатаң талап қойылады», - деді ол. Әрі соңғы уақытта энергетикалық инфрақұрылымдарда апаттардың жиілеп кетуін сынға алып, осы саланы жаңғыртуға үлкен мән беретініне меңзегендей. «Бұл мәселе ондаған жыл бойы назардан тыс қалып, шешімін таппай келеді. Мемлекет қысқа мерзімде ревизия жүргізіп, қолданыстағы генерациялаушы қуат көздерін жөндеуде, жаңа нысандарды іске қосуда, жылу және басқа да инженерлік желілерді жаңартуда жүйелі жұмыстарға кірісті. Атап айтқанда, биыл еліміздің батысында электр желілерінің өткізу мүмкіндігін екі еседен астам арттыруға ықпал еткен ауқымды жоба жүзеге асырылды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Энергетикалық жүйе түбегейлі өзгерісті талап етіп отыр. Әйтпегенде коллапс күтіп тұрған сияқты. Биыл қыс басталмай жатып, бірнеше моноқалада жылу беруде проблема туындады. Бұл мәселеге тағы тоқталып, мамандардың ұсынысын тыңдап көрдік.

Президенттің бизнесмендермен кездесуінде айтқан негізгі месседжерге Шерхан Жамбылұлы тоқталсын.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз үйренетін ғана емес, үйрететін ұлт болуымыз керек. Тұтынатын емес, өндіретін мемлекет болуымыз қажет.

Иә, экономиканың қозғаушы күші – кәсіпкерлік. 2029 жылға дейін Қазақстан жалпы ішкі өнімді екі еселеп, 450 млрд долларға жеткізуді көздейді. Оны орындау үшін жаңа инвестициялық циклді іске қосу қажет деді Президент. Инвесторларға қатысты әрбір шешім енді прокурорлар қадағалауында болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз биыл жаңа экономикалық үлгіге көше бастадық. Ең алдымен, экономикамызда әділдік болуға тиіс.

Осы ретте кәсіпкерлікті дамытуға арналған бірыңғай кешенді бағдарлама әзірленеді. Басымдық шағын және орта бизнеске беріледі. Қазір ел экономикасындағы оның үлесі 36 пайыздан асқан. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 70-80 пайызға дейін жетеді. Оларға жақындау үшін ірі компанияларды жекешелендіру қажет дейді экономист.

Сапарбай Жобаев, экономист:

Бізде монополист,олигархтардың кәсіпорындарының саны өте үлкен. Мұнай, газ саласы болсы, металлургия саласы болсын, ауыл шаруашылығы болсын. Латифундисттер жерді алып алған да шағын және орта бизнестің дамуына кедергі жасап жатыр. Мәселен мен жиі айтамын. Қазақстан темір жолы. Бұл өте үлкен мемлекет ішіндегі мемлекет. Оның жекешелендірместен шағын және орта бизнес дамымайды.

Дамуға тағы бір кедергі негізсіз тексерулер. Жаңа талаптарға сай келмейтін 10 мыңнан астам заң нормасы анықталған. Олардың 90 пайызы күшін жойды. Қалғаны реттеліп жатыр. Тағы бір қолдау. Енді өңдеу саласына ақша құйғандар үш жылға салықтан босатылады. Оларға шикізат қолжетімді болуы үшін ірі кәсіпорындарға талап қойылмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Келесі жылдан бастап ірі шикізат өндірушілер ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге міндетті болады. Олар Қазақстандағы өңдеу мекемелерінің қажеттілігін толық өтесе ғана, шикізатты экспорттай алады. Бұл шешім дайын өнім өндіруге және оны сыртқы нарыққа көбірек шығаруға ықпал етеді.

Ал бизнеске басты ықпал етуші фактордың бірі – салық. Ол да жаңғырмақ. Барынша қарапайым болады. Мәселен кәсіпкер қарыз болып қалса оның шоттары тұтастай бұғатталмайды. Тек қарыз сомасына тең көлемде шектеу қойылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бизнес субъектілерінің салықтық есебін 30 пайызға азайту жоспарланып отыр. Салықтық төлемдер саны кем дегенде 20 пайызға оңтайландырылады. Көлік құралдарына арналған салық бойынша есеп айырысу мен декларация, сондай-ақ жер мен мүлік салығына қатысты жүктеме бір миллион теңгеден аз болса, есеп айырысу алынып тасталады.

Жалпы ірі жобалар да, шағын кәсіп те назардан тыс қалмақ емес. Гендерлік теңдік те бар. Мәселен «Алтын сапа» байқауында жүлде алғандардың жартысына жуығы қыз-келіншектер. Бүгінде елімізде 1 миллионға жуық әйел кәсіпкер бар.

Еркежан Қалмақбаева, Экономикалық зерттеулер институтының аға сарапшысы:

2022 жылдың және де осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша әйел кәсіпкерлерге 17 мың жоба шамасында субсидияланды. Ол 638 млрд теңгеге бағаланады. Және де 13 мыңнан аса жобаға кепілдік берілді.

Үш жылда агро саладағы өңелген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу міндеті тұр. Ол үшін ірі жобалар жүзеге аспақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Алдағы уақытта сүт өнімдерін шығаратын 115 ферма салынады. Олар жыл сайын 600 мың тоннаға дейін өнім беретін болады. Сондай-ақ 15 ірі құс фабрикасы іске қосылады. Бұл кәсіпорындар жылына 120 мың тонна ет өндіреді. Мұның бәрі жалаң цифр емес, бұл – нақты міндеттер.

Ал тұрғындардың өздеріне де кәсіп бастауға «Ауыл аманаты» бағдарламасы көмектеспек. Оған 100 млрд теңге бөлінеді. Президент бизнес өкілдеріне халық алдындағы жауапкершілікті де ұмытпауға шақырды. Адал азамат өз жағдайын ғана жасамайды, өзгенің де қамын ойлайды.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу