Мүмкіндігі шектеулі жандардың қала ішінде қозғалуына инватакси қызметінің көмегі орасан. Биыл облысқа дәл осындай 11 көлік алынды. Барлық жабдықтармен қамтылған бұл шағын автобустар әсіресе арбаға танылған азаматтардың жүріп тұруына өте қолайлы.
Алмас Мұқажанов, қала тұрғыны:
Инватаксидің көп көмегі бар. Жұмысымызға болмаса, өзіміздің жеке шаруамызға шыққан кезде, больницаға барған кезде уақытылы келіп-кетіп жүреді. Алдын ала заявкамызды береміз. Қай күндері барамыз және қай сағатқа, қай уақыттарда бару керек және алып қайту керек. Өте ыңғайлы жақсы.
Облыс бойынша дәл осындай 30-ға жуық инватакси қызмет көрсетеді. Жүргізушілері тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарды тасып қана қоймай, оларға мейіріммен қарап, мүмкіндігінше қолдау көрсетуге тырысады. Ал Талдықорғанда бір күнде 100-ге жуық шақырту түседі.
Алмас Адиманов, инватакси жүргізушісі:
Жұмыс жақсы, ризамыз. Мүгедек жандарға көмектескенге кәдімгідей әсер алып, жұмыстан кейін келіп, адал қызмет еткеніңе риза боласың.
Жалпы облыста әртүрлі топта 25 мыңға жуық кембағал жан бар. Өкініштісі, олардың қатары көбейіп келеді. Сәйкесінше жазылмас дертке шалдыққан балалар саны да азаяр емес.
Роза Ақжаркенова, «Ерлік» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
Соңғы кезде балалар ауруы шығып отыр аутизм деген. Еш уақытта біздің Жетісу облысында болған жоқ. Тіпті бұрыңғы Алматы облысы мен Жетісу облысында болған жоқ. Қазір үлкен екі этажды ғимарат салынып, балаларға арнайы аутизм центр ашылып отыр. Балалар күнделікті барып реабилитационный көмектерін алады.
Өңірде ғимараттарды мүмкіндігі шектеулі жандардың ыңғайына қарай бейімдеудің 2027 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданған. Биыл 165 нысанға қосымша түзетулер енгізіліп, оған 480 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Келер жылы тағы 115 ғимаратты бейімдеу көзделген.
Қуаныш Қанатұлы