Алматылық дәрігерлер алғаш рет қатерлі ісікті цифрлық қондырғымен емдей бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылық дәрігерлер алғаш рет қатерлі ісікті цифрлық қондырғымен емдей бастады

19.12.2023

Алматылық дәрігерлер алғаш рет қатерлі ісікті цифрлық қондырғымен емдей бастады. Мұндай инновациялық жүйе Орталық Азия бойынша тек Қазақстанда орнатылған. Трансплантация саласында да ілгерілеу бар. Биыл елордалық дәрігерлер ағзасын құрт жайлап кеткен науқасты аман алып қалды. Тілшіміз Аида Ахметбек отандық медицинаның биылғы жетістіктері жайлы рет-ретімен айтып берсін.

Жасанды интеллект. Отандық медицинаға да жетті. Енді қатерлі ісік цифрлық инновациялық жүйенің көмегімен де емделеді. Алматыдағы бұл қондырғының көмегіне күніне 60 науқас жүгінеді. Пациенттің ем алу уақыты қысқарады. Өмір сүру сапасы жақсарады, - дейді дәрігерлер.

Гүлжайна Қалдарбекова, сәулелі терапевт дәрігері :

Жаңадан орналастырылған жүйенің ерекшелігі науқастың ем алу барысында тыныс алуын бақылай алады және бағыттай отырып, сау тіндердің зақымданбауына мүмкіндік береді. Кеуденің қатерлі ісіктерінде, сүт безі ісіктерінде, бас ми ісігінде жүргізіледі.

Осындай жаңашылдықтардың арқасында жыл өткен сайын ауруға шипа іздеп, шетел асудың қажеті азайып келеді, - дейді мамандар. Соның бір дәлелі биыл отандық дәрігерлер Орталық Азияда алғашқы болып, эпилепсияның күрделі түріне ота жасады. Ал келесі жылдан бастап паркинсон ауруын да емдеу қолға алынбақ.

Мыңжылқы Бердіқожаев, ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасы директорының орынбасары, нейрохирург:

Қазақстанда алғаш буындарды алып-салуда робот технологиялар қолданыла бастады. Миға қондырылатын электроттар бар, паркинсон ауруы, дистания ауруы кезінде нақты электрот қондыру керек. Келісімшартқа қол қойдық. Келесі жылы қондырғыны қолданамыз.

Отандық медицина уақыт талабына сай дамып келеді. Биыл Елордалық дәрігерлер ағзасын құрт жайлап кеткен науқасты аман алып қалды. Паразиттер - бауыр, өкпе, миға дейін шапқан. Дәрігерлер науқасқа бірнеше операция жасап, ауруды тоқтатып үлгерді.

Абылайхан Шәрменов, хирург-трансплантолог:

Яғни, кеуде қуысын ашу керек болды. Жүрек қапшығын кесіп алу керек болды. Диафраграмманы кесіп алу керек болды. Бауырды алып тастау керек болды. Науқас өте жас қыз, 30 жасар, 2 баласы бар. Науқас асқынусыз 1 айдан кейін үйіне шығарылды.

Аида Ахметбек, тілші:

Елімізде кейінгі 10 жылда 2 мыңнан аса трансплантация жасалды. Қазірдің өзінде дәрігерлер 30 жастағы науқастың бауырын ауыстырып жатыр. Бұл сәт үміт күдікпен толы дейді мамандар.

Ота сәтті шықса, науқастың одан кейінгі еміне дәрі-дәрмек тегін беріледі. Операцияға да ақы төленбейді.

Жақсылық Досқалиев, Медицина ғылымдарының докторы, профессор:

Биылғы жетістігіміз жүрек трансплантациясы Астанада ғана емес, Алматы мен Шымкентте жасалды. Демек ота жасайтын мамандар, құрал-жабдықтар жеткілікті деуге болады.

Медицина мамандары аурудың алдын алып, азаматтардың өмір сапасы үшін күресіп келеді. Оған дәлел көп. Соның бірі биыл халқымыздың жас ұзақтығы 74,44-ке дейін өскен.

Аида Ахметбек


Хабарламаларға жазылу