Елімізде «Жылу энергетикасы» мамандығын таңдайтындар азайған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде «Жылу энергетикасы» мамандығын таңдайтындар азайған

20.12.2023

Елімізде жастар «жылу энергетикасы» мамандығына аса қызықпайды. Қызықса да, оқуға түсуге талпынбайды. Мәселен, биыл республика бойынша 66 түлек осы саланы таңдапты. Оның өзінде грантқа түскендер ғана оқып жатыр. Әйгерім Ердәулет, жастардың «жылу энергетикаға» бүйрегі бұру үшін не істеу керектігін мамандардан сұрап көрді.

«Жылу энергетика» мамандығын таңдайтын түлектердің саны жыл сайын азайып барады. Мәселен, Алматыдағы атақты Энергетика және байланыс университетіне биыл бар-жоғы 4 түлек түскен. Графика: Ал республика бойынша бас-аяғы 11 университетте 228 тәлімгер білім алып жатыр. Ректор Мұрат Сыздықов, осы жылы талапкерлерге қойылған талап олардың оқуға түсуіне кедергі келтірді деп есептейді.

«Жылу энергетика» мамандығында оқитын студент саны: 228

1 курс - 66 студент

2 курс – 80 студент

3 курс – 71 студент

4 курс – 11 студент

Мұрат Сыздықов, Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры:

ҰБТ-да алатын төменгі шекті баллды 50 баллдан 65 баллға дейін көтердік. Бұл біздің тарапымыздан стратегиялық басымдық. Өйткені біздің келешектегі инженер мамандарымыз сапалы болуы үшін олардың кіреберісіндегі білім деңгейі де соншалықты сапалы болуы керек. Сол да бір жағынан осы жылуэнергетика мамандығына түсуінің күрт төмендеуінің себебі болуы мүмкін. Өйткені өткен жылғы түскен статистиканы қарайтын болсақ, 50 пайызға жуығы – 50 мен 65 балл аралығында алған.

Бұл мамандыққа жастардың таңдауы түспейтін тағы бір себебі - жалақының аздығы. Олар инженерлік, техникалық қызметкер бола тұра, орташа 150-200 мың теңге айлыққа жұмыс істегісі келмейді, - дейді мамандар. Ал жылу станцияларында көбіне оператор, машинист, яғни техникум мен колледж бітірген мамандар қажет екен.

Рахман Алшанов, ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті:

Жалақысы төмен, жағдай жоқ, түрлі себептер айтады. Қазір мектептерде профориентация, болашақ мамандық таңдауды нақты қажетті мамандықпен айналыспайды деп айтқым келеді, осыған байланысты оқу орындар бәрін білмейді, жеткіліксіз болуы мүмкін, бірақ бүгінгі таңда осы мамандықтарды насихаттап, ертерек айтып, грант бөліп, мысалы кеше мамандар жетпей жатыр дейді, беріңдер грантты жергілікті оқу орындарына беріңдер керек болса.

Ғылым министрлігі оқимын деген балаға грантты аямай бөліп-ақ отырмыз, - дейді. Мәселен, биыл грант бөлінсе, былтыр студент тегін оқуға түскен. Ал мамандар, алдағы уақытта Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларында жылу станциялары салынады, сол кезде маман тапшылығы екі есе болатынын ескертіп отыр.

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу