БҰҰ 2026 жылды волонтерлар жылы деп жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҰҰ 2026 жылды волонтерлар жылы деп жариялады

20.12.2023

Біріккен ұлттар ұйымы Қазақстанның бастамасы бойынша 2026 жылды халықаралық волонтерлар жылы деп жариялады. Бүгін Бас ассамблея тиісті резалюцияны қабылдады. Сарапшылар бұл еріктілер қозғалысын одан әрі ширатып, оның ұлттық, аймақтық тіпті жаһандық деңгейде дамуына тың серпін береді деп отыр.

Волонтер болу - еріккеннің ермегі емес. Ол жанашырлық, қамқорлық сияқты қаситтермен қоғамға пайдалы болу. Еріктілердің ерлігін әсіресе коронавирус өршіп, індет алқымнан алғанда сезіндік. Сондықтан 2020 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас ассамблеясының 75 сессиясында халықаралық волонтерлар жылын жариялау туралы бастама көтерген еді. Қазақстанның өзге де елдермен бірлесе жасаған бұл ұсынысы бүгін қолдау тапты.

Әмірбек Исламұлы, ҚР БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігінің бірінші хатшысы:

Бұл құжат Бас ассамблеяның отырысында бір ауыздан қабылданды. Құжат бойынша келіссөздер сындарлы. Позитивті сипатта өтті. Осы бастаманы іске асыру барысында БҰҰ еріктілер бағдарламасының маңыздылығын да айта кету керек.

Енді БҰҰ-ның қарарына сәйкес, 2026 жыл халықаралық волонтерлар жылы. Сала мамандарының айтуынша, бұл жаһан жұртын ізгілікке, мейірімге бастап, қамқорлық пен қайырымдылық жасауға шақыратын жыл болмақ. Әрі қолдау тапқан бастама волонтерлық қозғалысқа серпін беріп қана қоймай, еліміздің абыройын да асқақ етті, - дейді.

Айбек Досымбетов, Ұлттық волонтерлар желісі басшысының орынбасары:

Бұны әлемдік деңгейде қолдап отырғаннан кейін жалпы біздің Қазақстан оның ішінде мемлекет басшысының бір-ден ұсынысын барлығы қолдауы, 2026 жылдың волонтерлар жылы деп жариялануының өзі бір үлкен жетістік. Яғни, біз әлемдік деңгейде өз ойын айта алатын ел екенімізді жоғары деңгейде көрсетіп тұр.

Бұл жаңалықты еліміздің еріктілері қуана қабылдады. Көптеген волонтерлық жобаларға қатысқан Бауыржан Жұмат Солардың бірі.

Бауыржан Жұмат, волонтер:

Қазір 7 жылдан асып кетті волонтерлықпен айналысып жүргеніме. Тіпті волонтерлық жобаларға қатысып жүріп, өзімнің өмірлік жұбайымды да кездестіріп, бірге өмір сүріп келеміз. Ол кісі де волонтер. Былайша айтқанда отбасымен волонтермыз.

Қазір елімізде 600-ден астам волонтерлық ұйым мен 160 мыңнан астам ерікті бар. Ал әлем бойынша олардың саны бір миллиардқа жуық деп айтылады. Енді жақсылық жасауға жаны құмар жандар бұдан да арта түсері анық.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу