Қазақстандықтарға несие алу қиындай түседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтарға несие алу қиындай түседі

20.12.2023

Қазақстандықтарға несие алу қиындай түседі. Бүгін Мәжіліс кредит беру кезіндегі тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқығын қорғау туралы заң жобасын қарауды бастады. Құжат негізінде, төлеу мерзімі 90 күннен кешіктірілсе, ол азаматқа басқа несие беруге тыйым салынады және оның басқа несиелеріне пайыз есептелмейді. Мұнымен қоса, жылу беру маусымында кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салу нормасы қарастырылған. Заң жобасында жаңа кредитті алудан бас тартқан қазақстандықтардың қарызын кешіру ұсынысы қамтылған.

Татьяна Савельева, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

Әскер қатарына шақырылғандардың несиесі борышын өтегенге дейін шегеріледі. Бұл уақытта оларға пайыз есептелмейді. Сонымен қатар заң жобасында Қылмыстық кодек пен Әкімшілік кодекске түзетулер енгізу көзделген. Бұл ретте, жеке деректерді сату, абоненттік нөмірді ауыстыру және абоненттік нөмірді басқа тұлғаларға заңсыз бергені үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.

Коллекторлардың жұмысы да, осы заң негізінде реттелмек. Белгілі жағдайларда, банктер мен микроқаржы ұйымдарына проблемалық қарыздарды коллекторлық агенттіктерге сатуға шектеу енгізу қарастырылған. Ал Үкімет бұл нормаға қарсы. Құжат әлі жұмыс тобының отырыстарында бірнеше рет талқыланып, кейін жалпы отырысқа шығарылады. Сондықтан, заң қабылданғанша өзгерістер енгізілуі мүмкін.

Оңғар Алпысбай


Хабарламаларға жазылу